"Қанды қаңтар" оқиғасы Жаңаөзенде жүздеген адам сұйытылған газ бағасының 60 теңгеден 120 теңгеге қымбаттауына қарсы наразылыққа шыққанынан басталған. Жиналғанлар әкімдік маңындағы жолды жауып, наразылық білдірген. Наразылар саны үш мыңнан асып, артынша Ақтөбе, Шымкент, Алматы, Астанада жұрт Жаңаөзендегі ереуілді қолдап жиналды.
Кем дегенде 238 адам қаза тапқан Қаңтар оқиғасына 3 жыл толды. Алматыда әуежайды басып алу кезінде жоғары билік 20 мың террорист туралы хабарлап, бұл мәлімет желіден лезде өшірілген. Кейіннен Қазақстанның бас прокуроры Берік Асылов қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктерге 20 мың шетелдік террорист қатысты деген ақпаратты жоққа шығарды. «Хабар» телеарнасына сұхбат берген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 20 мың террорист туралы мәлімет қайдан шыққанына түсінік берген.
Арада бірнеше жыл өткеннен соң Президент телерадиокешеніне қарайтын Kazinform ресми агенттігі оқиға хронологиясын жариялады.
ҚР Бас прокуратурасы жасаған оқиғалар хронологиясы бойынша, 2022 жылғы 1 қаңтарда сағат 17:20–да Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында әкімдік ғимаратының жанына жергілікті тұрғындар жинала бастады. Жиналудың себебі — сұйытылған газ бағасының күрт қымбаттауына наразылық. Атап айтсақ, Ақтау, Жаңаөзен және Маңғыстау аудандарында сұйытылған газдың орташа бөлшек бағасы литріне 100-120 теңге болды. Жаңа жылдың алғашқы күні сағат 18:00–де тұрғындар сұйытылған газ бағасын төмендету талабымен ел басшылығына бейнеүндеу жазды және үйлеріне тарады.
2-4 ҚАҢТАР
Ал 2 қаңтар күні наразылыққа шыққандардың саны жүздеген адамнан асты, қатысушылар ішкі автожолдарды бөгеді. Келесі күні, 3 қаңтардан бастап наразылық акциялары басқа қалалар мен өңірлерге де тарала бастады. Сол күні Маңғыстау облысының тұрғындарын қолдау мақсатында елдің басқа 7 өңірінде (Атырау, Ақтөбе облыстары, Астана, Алматы қалалары, Батыс Қазақстан, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстары) бейбіт митингілер өтті.
4 қаңтарда митингілер жалғасып, наразылық орын алған өңірлер саны 11-ге дейін артып, шерушілер саны көбейді. Ал қатысушылардың саны күрт өсіп, 37 мың адамға жетті. Алматы және Шымкент қалаларында қарулы шабуылдар, тәртіпсіздіктер, өрт қою, соның ішінде қызметтік көліктерді өртеп жіберу әрекеттері болды.
Алматыдағы үлкен алаңның бірі «Алматы Арена» спорт кешенінің жанына жиналған шамамен 5 мың адам қала әкімдігі ғимаратына бет алды. Тәртіп сақшылары мен шерушілер кездесіп, сол жерде қақтығыс болды. Салдарынан 6 полиция автокөлігі өртенді, ал Ұлттық гвардияның 5 әскери қызметшісі мен 15 полиция қызметкері жарақат алды. Шымкентте полицияның 21 көлігіне зақым келтірілді.
5 ҚАҢТАР
Қазақпарат мәліметінше, құқық қорғау органдары өз қызметкерлері мен әкімшілік ғимараттарға шабуылдарды тойтару үшін өлімге әкеп соқпайтын құралдарды қолдана бастаған.
5 қаңтар күні елдің 11 өңірінде тәртіпсіздіктер мен ғимараттарды басып алу әрекеттері жалғасқан. Шерушілер саны бұл жолы 50 мыңға жеткен. Түн ішінде террористер Алматы қаласы әкімдігі ғимаратын және «Алматы» халықаралық әуежайын басып алды. Алматыда тәртіпсіздіктер мен қарулы шабуылдардың жалпы саны 20 мыңнан асқаны мәлім болды.
Ал Қызылорда қаласында шабуыл жасаушылар 9 автокөлікті өртеп, бір әскери қызметшіні көлікпен қағып өлтірді. Белгісіз бір топ әскери қызметшілерден автомат пен екі тапаншаны тартып алған.
Талдықорғанда шабуыл жасаушылар облыстық әкімдік, полиция және ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің ғимараттарын басып алды. Одан бөлек, Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау, Жамбыл облыстарындағы әкімдік ғимараттары күшпен алынды.
Сол сәттен соң Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысында Төтенше жағдай режимін енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Сондай-ақ, Маңғыстау, Ақтөбе және Атырау облыстары секілді басқа өңірлерде де ТЖ режимі енгізіліп, коменданттық сағат белгіленді. Президент Жарлығымен Үкімет таратылды. Премьер-Министр міндеттерін уақытша атқару Әлихан Асханұлы Смайыловқа жүктелді.
Қанды оқиға кезінде Жаңөзендегі газ өңдеу зауытының директоры және сығымдалған газды электронды сауда бойынша алаңның басшысы ұсталды.
6 ҚАҢТАР
6 қаңтар күні Мемлекет басшысы Үкіметке оқиғаның себептері мен кінәлілерді анықтап, оларды қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және басқа да құзырлы құрылымдар өкілдерінен арнайы тергеу тобын құруды тапсырды. Одан бөлек:
· Қарулы күштерге, ҰҚК, ІІМ, ұлттық гвардияға және басқа да күштік құрылымдарға — жауынгерлік дайындық пен жабдықтауды арттыру, әскери қызметшілердің моральдық рухын қолдау шараларын жүргізу;
· Өңірлердің әкімдіктеріне — полиция және қарулы күштер қызметкерлерінің қаза болған отбасыларына лайықты материалдық қолдау көрсетуді қамтамасыз ету;
· Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі және Ішкі істер министрліктеріне — 1414 call-орталығы базасында қылмыстық топтардан зардап шеккендер мен жоғалған адамдар туралы ақпарат беру үшін тікелей желі ұйымдастыру; Тәртіпсіздік салдарынан келген шығынды бағалау үшін комиссиялар құру, жағдай тұрақталған соң, Алматы қаласы мен басқа өңірлерде әкімшілік ғимараттарды, әлеуметтік нысандарды және тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстарын бастау;
· Әкімдерге — коммуналдық қызметтердің, қоғамдық көліктің және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының жұмысын тұрақтандыруды қамтамасыз ету;
· Алматы қаласы мен басқа өңірлерде қылмыстық әрекеттерден зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілеріне мемлекеттік қолдау көрсету шараларын қабылдау;
· Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне — жағдай тұрақталған соң екінші деңгейлі банктер мен басқа да қаржы ұйымдарының тұрақты және үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету;
· Дипломатиялық өкілдіктерді, сондай-ақ шетелдік инвестициялар мен шетелдік компаниялардың бизнес субъектілерін қорғау бойынша шаралар қабылдау;
· ҚР Сыртқы істер министрлігіне — шетел мемлекеттерімен, халықаралық ұйымдармен және басқа серіктестермен екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың барлық мәселелері бойынша тұрақты байланыстарды қамтамасыз ету.
Қауіпсіздік кеңесінің шешімімен елде терроризмге қарсы операция жүргізу туралы жарияланды. Құқық қорғау органдары мен қарулы күштер террористерді жою үшін атыс қаруын қолдануды бастады.
Алматыда террористер «Көктөбе» телемұнарасын және ҰҚК Шекара қызметі академиясын басып алуға әрекет жасады. Алайда қауіптің алды алынды. Бірақ осы сәтте Шекара қызметі академиясында білім алып жүрген курсант қаза тапты. ҰҚШҰ Қауіпсіздік кеңесінің шешімімен Қазақстанға шектеулі мерзімге ҰҚШҰ ұжымдық күштері құрамындағы контингенттер жіберілді. Бітімгершілік күштерінің міндеті тек стратегиялық нысандарды қорғау болды, олар терроризмге қарсы операцияларға қатыспады.
Сол күні террористер басып алған әкімдіктер, полиция бөлімшелері, ҰҚК департаменттері және басқа да ғимараттар елдің барлық дерлік өңірінде терроризмге қарсы операцияның ұлттық күштерінің бақылауына өтті.
7-10 ҚАҢТАР
7 қаңтарда Алматыда блокбекеттерге оқ ату, террористердің ауруханаларды басып алу әрекеттері, дүкендерді тонау оқиғалары тіркелді. Тараз және Талдықорған қалаларында тергеу изоляторларына шабуылдар жасалды.
Ал 8 қаңтарда елдегі жағдай біртіндеп тұрақтала бастады. Алматыда көшелер мен стратегиялық нысандарды тазалау жұмыстары басталды. Республиканың барлық өңірінде рұқсат етілмеген жиындар тоқтатылды.
10 қаңтарда Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. 12 қаңтарда Мемлекет басшысы Алматыға келіп, қаланың жедел штаб отырысына қатысты. Сондай-ақ, ол қаза тапқан полиция қызметкерлері мен әскери қызметшілердің туыстарымен және жақындарымен кездесіп, көңіл айтты және наградаларын табыстады.
2022 жылдың 19 қаңтарында Астана және Алматы қалаларында, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында Төтенше жағдай режимі алынды. Ал 10 өңірде төтенше жағдай режимі мерзімінен бұрын, 13-16 қаңтар аралығында алынды.
Ресми деректер бойынша, Қаңтар оқиғасында 238 адам қаза тапқан. Атап айтар болсақ, Алматыда — 151 адам, полиция мен әскерилерден — 19 адам және 3037 адам жарақат алды. Бүліктердің экономикалық шығыны шамамен 3 миллиард АҚШ долларын құрағаны айтылды.
ҚР Ішкі істер министрлігі 5969 адамның ұсталғанын хабарлады, оның ішінде 133 адам ауыр қылмыстар жасады деген күдікпен, ал 516 адам — әкімшілік қамауға алынды.
Тәртіпсіздіктер кезінде қылмыскерлер 7 қару-жарақ дүкенін тонаған. Террористер қолына 200 автомат, 561 тапанша, 1300 тегіс ұңғылы мылтық, 84 ойық қару, 28 гранатомет, 2 пулемет, 168 граната және 63 мың дана оқ-дәрі түскен. Бұл арсенал тұтас дивизияны бірнеше күн қамтамасыз ете алатын еді. Қазіргі уақытта ұрланған қарудың 1214 данасы қайтарылды. Жалпы ІІМ Қаңтар оқиғасы кезінде пайдаланылған 4 мыңнан астам қару-жарақтың табылғанын хабарлады. Әлі де шамамен 2 мың қару іздеуде.
ІІМ мәліметінше, жалпы 1466 ғимаратқа зақым келтірілген. Оның ішінде 71 мемлекеттік мекеме, 12 қару-жарақ дүкені және 27 полиция бөлімшесі бар. Сонымен қатар, 700-ден астам автокөлікке, оның ішінде 500-ден астам полиция, өрт сөндіру және жедел жәрдем көліктеріне зақым келгені анықталды.