Оңтүстік Кореяның Муан қаласында 29 желтоқсан күні таңертең қонуға бет алған жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауы салдарынан қаза тапқан 179 адамның барлығының денесі табылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Yonhap агенттігіне сілтеме жасап.
"29 желтоқсан күні сағат 21:07-де (Астана уақытымен 17:07) Jeju Air әуе компаниясының әуе апаты салдарынан қаза тапқандар саны 179 адамға жетті", – делінген ұлттық өрт сөндіру қызметінің мәліметтеріне сүйенген агенттік хабарламасында.
Yonhap агенттігінің мәліметінше, бұл әуе апаты Оңтүстік Корея тарихындағы ең көп адам шығыны болған оқиға болып отыр. Оңтүстік Корея президентінің міндетін атқарушы Чхве Сан Мок 29 желтоқсаннан 4 қаңтарға дейін жеті күндік ұлттық аза тұту күндерін жариялады.
Ұшақ апатының себептері әлі анық емес, басты болжамдардың қатарында құстармен соқтығысу, қозғалтқыш пен шассидің ақаулары, тежегіш жүйесінің істен шығуы және ұшу-қону жолағының жеткіліксіз ұзындығы аталып отыр.
Ұшақ қонуға екі рет әрекет жасаған. Алғашқы сәтсіз әрекетке шассидің немесе қозғалтқыштың ақауы себеп болуы мүмкін. Кейін ұшақ корпусына қонуға тырысқан. Бірақ оның алдыңғы бөлігі көтеріңкі қалыпта болып, ұшу-қону жолағында жоғары жылдамдықпен қозғалған.
Бейнежазбалардан ұшақтың ұшу-қону жолағында жылдамдығын бәсеңдете алмағаны және оның алдыңғы бөлігі жоғары қалыпта тұрып, ақырында бөгетке соқтығысқаны көрінеді.
Еске сала кетейік, 29 желтоқсан күні Оңтүстік Кореяның Муан қаласындағы әуежайға қону кезінде Bangkok–Muan бағыты бойынша ұшқан Jeju Air әуе компаниясының Boeing 737-800 ұшағы апатқа ұшырады. Әуе апаты жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 9:07-де орын алды. Ұшақ ұшу-қону жолағынан өтіп кетіп, қоршауға соғылып, өрт шыққан.
Ұшақ бортында 181 адам болған. Олардың екеуі аман қалды – бір әйел және бір ер адам. Екеуі де экипаж мүшелері. Олар орташа және ауыр жарақат алған, қазір ауруханаға жеткізілді. Ұшақ жолаушыларының арасында қазақстандықтар болмаған.