Әлиев Әзербайжанның Ресейге қойған талабын тізбеледі

645
Adyrna.kz Telegram

Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақтың жерден атқыланғанын мәлімдеп, Ресейге қойған шарттарының орындалуын талап етті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы AzTV телеарнасына сілтеп.

«Алғашқы нұсқалар бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бірақ нақты қорытындыларды «қара жәшіктерді» талдаудан кейін ғана жасауға болады. Дегенмен қазірдің өзінде ұшақтың Грозный маңындағы Ресей әуе кеңістігінде сыртқы зақым алғаны анық көрініп тұр. Біздің ұшаққа радиоэлектрондық әсер жасалғаны туралы дәлелдер бар. Сондай-ақ жерден атқылау салдарынан ұшақтың артқы бөлігі мен фюзеляжы қатты зақымданғаны белгілі», – деді Әлиев.

Президент Ресей ресми түрде кешірім сұрап, өз кінәсін мойындауы, кінәлілерді жауапқа тартуы және Әзербайжанға, сондай-ақ зардап шеккен жолаушылар мен экипаж мүшелеріне өтемақы төлеуі тиіс екенін атап өтті.

«Бір талап орындалды – Ресей кешірім сұрады. Қалған шарттардың орындалуын күтеміз», – деді Әлиев телеарнаға берген сұхбатында.

Әлиев әңгіменің басына оралып, Ресейдің болған жағдайды жасыруға тырысқанына таңданысын білдірді.

«Бізді ресми құрылымдардың газ баллонының жарылуы туралы болжамдар ұсынуы қынжылтты және таңғалдырды. Бұл Ресей тарапынан мәселені жабуға тырысқанын анық көрсетеді. Бұл әрине, ешкімге абырой әпермейді. Өкінішке қарай, алғашқы үш күнде Ресей тарапынан тек орынсыз нұсқаларды естідік», – деп бөлісті Әлиев.

Әзербайжан тергеуді Мемлекетаралық авиациялық комитетке беруден бас тартты. Өйткені оның жұмысының объективтілігіне күмән келтірді.

Президенттің тапсырмасымен Ресейдің жеті қаласына әуе рейстері белгісіз мерзімге тоқтатылды. Сондай-ақ ресейлік әуе компаниялардың Әзербайжанның үш қаласына рейстері шектелді. Бұл шешім жолаушылар қауіпсіздігі үшін қабылданды.

Пікірлер