"Нағыз достық пен бауырмалдықтың белгісі". Әзербайжан президенті Қазақстанға алғысын білдірді

631
Adyrna.kz Telegram
Фото: AFP 2023 / Kenzo Tribouillard
Фото: AFP 2023 / Kenzo Tribouillard

Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев AZAL әуе компаниясының ұшағы Ақтау маңында апатқа ұшыраған кезде көрсеткен сауатты іс-қимылдары үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Қазақстан халқына алғысын білдірді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Бұл туралы sfera.az жазды.

«Ең алдымен, мен Президент Тоқаевқа қоңырау шалып, алғысымды білдірдім. Апат болған сәтте-ақ, оқиға орнына бірден қазақстандық құтқарушылар келіп, сынған фюзеляждан адамдарды шығара бастады. Олар жарылыс болуы мүмкін екенін білмей, өз өмірлерін қатерге тікті. Бірақ соған қарамастан, нағыз ерлік көрсетті», – деді Әлиев.

Журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, ол қазақстандық дәрігерлердің жұмысын және бүкіл ел азаматтарының трагедияға деген көзқарасын атап өтті.

«Біздің қазақ бауырларымыз бен әпке-қарындастарымыздың ынтымақтастығы әзірбайжан халқының жүрегінде үлкен із қалдырды. Қарапайым азаматтар Ақтаудағы біздің консулдыққа келіп, гүл шоқтарын қойып, өз сезімдері мен ынтымақтастықтарын білдірді. Бұл – нағыз достық пен бауырмалдықтың белгісі», – деді Әзірбайжан президенті.

Әлиев трагедияны тергеу мәселелерін Қазақстан Президентімен талқылағанын және оның түсіністік танытқанын айтты.

«Сонымен қатар, мен Президент Тоқаевқа қайғыра көңіл айттым, өйткені апат салдарынан алты қазақстандық азамат қаза тапты. Ол да маған көңіл айтты. Осы қайғылы жағдайға қарамастан, Қазақстанмен достық пен бауырластық қарым-қатынасымыз одан әрі нығая түсті», – деп түйіндеді Әлиев.

Пікірлер