ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы Ақорда мәлімдеді, деп хабарлайды ”Адырна” ұлттық порталы.
Мәлімет бойынша, Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин Ақтау маңында Azerbaijan Airlines әуе компаниясының жолаушылар ұшағы апатқа ұшырауы салдарынан көптеген адамның, соның ішінде Қазақстан азаматтарының қайтыс болғаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын жеткізді. Сондай-ақ Қытай үкіметі мен халқының атынан қаза тапқандардың туған-туыстарына көңіл айтты.
Еске салсақ, 25 желтоқсан күні Ақтау қаласының маңында Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Бакуден Грозныйға бағыт алған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, 38 адам қаза тапқан болатын.
Бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың 6-ауы Қазақстан, 42-сі Әзербайжан, 3-еуі Қырғызстан, 16-сы Ресей азаматы. 29 адам жарақат алып, ауруханаға жатқызылды, олардың арасында екі бала бар. Апаттан аман қалғандар арасында қазақстандықтар жоқ.