АЭС құрылысын қай елдің салатыны 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында белгілі болады

237
Adyrna.kz Telegram
Сурет: Энергетика министрлігі
Сурет: Энергетика министрлігі

Үкімет жанынан құрылған АЭС құрылысы бойынша арнайы комиссия жұмысын жеделдетіп, консорциумға қатысушылар бойынша шешім 2025 жылдың бірінші жартысында қабылданады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.  Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді.

«Бастапқыда келесі жылы осы процестің жеңімпазы бойынша түпкілікті шешім қабылдау жоспарланған болатын. Президенттің соңғы тапсырмасына сәйкес, комиссия осы жұмысты жеделдетіп, тиісті шешімді жақын арада қабылдауға бар күшін салады. 2025 жылдың бірінші жартысында шешім қабылданады», – деді Сәтқалиев.

Министрдің айтуынша, компаниялар Қазақстанға мерзімдер мен шығындарды оңтайландыруды қамтамасыз ететін ұсыныстар беруі керек.

«Әлемде Қытайдың ұлттық атом компаниясы Пәкістанда алты жыл ішінде энергоблок салғаны туралы мысал бар. Қазіргі заманғы технологиялар жылдам шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді», – деп түсіндірді ол.

Сонымен бірге, Сәтқалиевтің айтуынша, атом электр станциясын салу – ұзақ мерзімді процесс. Әдетте, жобалау үш жылға созылады, ал «бірінші бетоннан бастап бірінші блоктың толық аяқталуына дейінгі» құрылыс мерзімі 8-ден 14 жылға дейін созылады.

«Қазақстан үшін бұл мерзімдер қолайсыз. Біз жұмысты ұйымдастырып, өзіміздің құзыреттерімізді дамытып, халықаралық тәжірибені пайдалануымыз керек. Сондай-ақ, вендорлармен жоғары сапалы ұсыныстар жасау бойынша жан-жақты жұмыс жүргізу қажет», – деп атап өтті министр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика министріне АЭС құрылысы бойынша жұмысты жеделдетуді тапсырған болатын. Референдумнан кейін мемлекет басшысы атом электр станциясын салу үшін бірнеше елдің консорциумын құру жоспарлары туралы мәлімдеген еді.

Франция мен Қытай бұл жобаға қатысуға дайын екенін білдірсе, Ресей президенті «Росатомның» Қазақстандағы АЭС құрылысына қатысуға дайын екенін айтқан.

Пікірлер