Экипаж мүшесі Айдана Рагимли. Құлаған ұшақтың тағы бір бортсерігі есін жиды

1800
Adyrna.kz Telegram

Әзербайжанның Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтаудағы ұшақ апатынан тірі қалған стюардессаның жағдайы туралы ақпарат берді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Айдана Рагимлидің суреті мен видеосы жарияланды.

Ол Маңғыстау облыстық ауруханасында жатыр. Бортсерік өз елінен келген делегацияны көргенде, көз жасын тоқтата алмаған.

Айдана Рагимли - Бакуден Грозныйға ұшқан, бірақ Ақтау әуежайына үш шақырым жерде құлаған Azerbaijan Airlines әуе компаниясының апатқа ұшыраған ұшағында болғандардың бірі.

Оның әкесі Вагиф Рагимли апат туралы жаңалықтардан білгенін айтты.

«Мен қайтыс болғандар тізімінде Айдананың есімін көрдім. Содан балам телефон соғып, ол мінген ұшақтың құлағанын айтты. Аяғымның астынан жер жоғалып кетті. Кейінірек екі экипаж мүшесінің аман қалғаны, оның бірі менің қызым екені хабарланды. Мен «Azerbaycan Airlines»  (AZAL) компаниясына хабарластым. Сенім телефоны оның жағдайының жақсы екенін, оның дәрігерлердің бақылауында екенін растады», - деді ол.

Әкесі Айдананың халықаралық қатынастар мамандығы бойынша Харьков қаласында (Украина) жоғары білім алғанын айтты. Оның АЗАЛ-да жұмыс істегеніне төрт айға жуықтаған.

« Оның ұшуларының көпшілігі қысқа қашықтықта болды. Мысалы, ол Нахчыванға бірнеше рет ұшып келген. Мен соңғы рейс туралы ештеңе білмедім », - деп атап өтті Айдананың әкесі.

Әкесі қызымен телефон арқылы сөйлескенін айтты.

«Шынымды айтсам, мен оған ұшып, барғым келді. Бірақ компания мұның қажеті жоқ екенін, оның үстіне туыстарын да ауруханаға кіргізбейтінін айтты. Олар маған нөмір берді, мен Айданамен сөйлестім. Ол жылап отырды... Басынан өткен қайғылы оқиғадан кейін қызы әлі есін жимаған еді. Айдана жанып жатқан адамдарды өз көзімен көріп, көзіне жас алғанын айтып берді. Ол шок күйінде, онымен психологтар жұмыс істеуде. Бірнеше күндік психологиялық қолдаудан кейін ол үйіне жеткізіледі», - деп қосты стюардессаның әкесі.

Айта кетейік, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Embraer 190 ұшағы апатқа ұшырады.

Ұшақта 69 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған. Оның 29-ы тірі қалған. Зардап шеккен 27 адам ауруханаға жеткізілген. Оның 11-і жансақтау бөліміне түскен. Экипаж мүшелерінен Айдана Рагимлиден басқа стюард Зұлпықар Асадов та тірі қалған, зардап шеккен.

Зардап шеккендер арасында 15 Әзербайжан азаматы, 9 Ресей азаматы, 2 Қырғызстан азаматы бар. Тағы үш адамның азаматтығы нақтылануда.

Апатқа ұшыраған ұшақтағы Қазақстанның алты азаматының алтауы да қаза тапқан.

Пікірлер