Бразилияның оңтүстігіндегі Грамаду қаласының орталығында шағын жекеменшік ұшақ апатқа ұшырады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Жергілікті БАҚ-тың мәліметінше, қайғылы оқиға 22 желтоқсан күні таңертең болған. Ұшақ алдымен ғимараттың мұржасына, кейін үйге, соңында жиһаз дүкеніне соғылған.
«Әуе кемесінде болған барлық 10 адам көз жұмды. Ұшқыштан басқа 9 адамның бәрі – бір отбасының мүшелері. Ұшу кезінде аймақта жаңбыр мен тұман болғаны анықталды»,—деп жазды «Рейтер» агенттігі.
Риу-Гранди-ду-Сул штатының азаматтық қорғанысының мәліметінше, кем дегенде 17 адам зардап шеккен. 2 адамның халі ауыр. Қазіргі таңда қайғылы оқиғаның себебі тергеліп жатыр.