Діни экстремизм – дінге жат ұғым

849
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ашық дереккөз бетінен
Фото: Ашық дереккөз бетінен

Жат ағымды жадына тоқып, жалғанда жаза басқандардың қарасы қалың. Әйтседе, билік қол қусырып қарап отырған жоқ. Өйткені, жаһандағы аждаһаға айналған үлкен қауіппен күресу қажет. Онсыз бүгінің не болашағың жоқ. Өйткені, ол  ұлтты тамырымен жоятын қатер.

Тілімізге тиек болған тақырып-діни экстремизм. «Адасқанның айыбы жоқ» деп ақтауға келмейтін, бір рет жаза бассаң шыңырауына бірден тарта кететін ағым. Оның күші орасан зор.  Экстремизм деген латын тілінен енген термин, соңғы немесе шеткі деген мағынаны білдіреді. Ал, саяси тұрғыда шектен шыққан көзқарас пен іс-әрекетті меңзейді.

Экстремизм мәселесін қарастырардан алдын оның түрлеріне қысқаша шолу жасайық. Ғылыми әдебиеттерде экстремизмнің саяси, діни, ұлттық, экономикалық, экологиялық экстремизм, интернеттегі экстремизм және жастар экстремизмі сынды түрлері жиі кездеседі.

Саяси идеологияның шектен тыс дәрежеде қабылдануы саяси эстремизм деп аталады. Көп жағдайда белгілі бір елдегі мемлекеттік жүйені, саяси режимді түбегейлі өзгертуге бағытталған. Сол және оң экстремизм түрлері аталмыш саяси экстремизмнің тармақтары болып табылады. Ел арасында кең тараған экстремизмнің тағы бір түрі ол-діни эстремизм. Белгілі бір дінді түсіндіруде өте радикалды және фундаменталистік көзқарастарды ұстануымен ерекшеленетін әртүрлі діни ұйымдар мен конфессияларға, топтар мен ағымдарға жататын жеке тұлғаларға тән белгілі бір діни идеология мен іс-әрекетке негізделген экстремизмнің бір түрі болып табылады.

Айта кетейік, 2004 жылдан бастап қазақстан аумағында лаңкестік ұйымдарға тыйым салына бастады. Әлемде 500-ге жуық ірілі-ұсақты террористік жəне экстремистік діни топтар бар, ал қазақстанда 21 ұйым анықталып, тізімге енгізілді.

Мәселен, Қазақстанда «Таблиғи жамағат» экстремистік ұйымымен оның  негізінде құрылған «Йақын Инкар» ұйымы экстремистік деп танылған еді.

Аталмыш ұйымдардың мақсаты конституциялық құрылысты күштеп өзгертіп, егемендікті бұзу арқылы жекелеген мемлекеттерде, соның ішінде Қазақстан аумағында «халифат» құру.

Жалпы елімізде соттың шешімімен экстремистік ұйым ретінде төменде көрсетілгендер танылған еді. Олар: «Аль-Каида», «Шығыс Түркістанда­ғы исламдық қозғалыс», «Өзбекстандағы исламдық қозғалыс»,  «Күрд Халық Конгре­сі» («Конгра-Гел»),  «Ас­бат аль-Ансар»,  «Братья-му­суль­мане»,  «Боз гурд»,  «Орта­лық Азиядағы Жамаат мод­­жахедтер»,  «Лашкар-е-Тайба», «Әлеуметтік рефор­ма­лар қоғамы»,  «АУМ Синри­кё», «Шығыс Түр­кістан азат ету ұйымы»,  «Түркістан ислам партиясы»,  «Хизб-ут-Тахрир» ұйымы және т.б.

Айта кетейік, елімізде тыйым салынған «Таблиғи жамағат» экстремистік ұйымына мүше болған екі азамат үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген деп айыпталған болатын. Сот өкімімен бірі 3 жылға, ал екіншісі
1 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылған еді. Жалпы, жаза басқандарды ақтап алатын шара да, заң да жоқ.

Бүгінгі таңда қоғамда «интернеттегі экстремизм» сияқты экстремизм түрі танымал болуда. Ол өзінің мәні бойынша экстремистер ұстанатын идеяларды, мақсаттарды және құндылықтарды насихаттауға бағытталған. Интернет желісінде халықты заңға қайшы әрекеттерге шақыратын экстремистік сипаттағы, бірақ сонымен қатар «заңдылықтың» шымылдығын жамылған ақпарат орналастырылады.  Жастар экстремизмде ең қауіпті экстремизмнің бірі болып табылады. Бұл жастар тарапынан, қолданыстағы қоғамдық ережелер мен мінез-құлық нормаларына немқұрайлылық таныту негізінде көрініс табады.

Дәстүрлі дінді бұрмалап, дүдәмәлау дінге айналдыру арқылы зайырлы қоғамға қарсы әрекет ету теріс пиғылды діни ағымның жетегінде жүргендердің негізгі миссиясы.  Бұлар, бір сөзбен айтқанда, экстремистер. Экстремизмнің қай түрі болмасын әуелде азаматтардың қауіпсіздігіне қауіп төндіреді. Діндер арасында алауыздық туғызып, дәстүрлі діннің туын жығудың соңы үлкен қақтығысқа әкеп соғатыны анық.

Мамандар, діни экстремизм террорлық актілерге әкеліп соғатын төте жол дейді.  Қазақстанда 2005 жылдың 18 ақпанында «Экстремизмге қар­сы
іс-қимыл туралы» Заң қабыл­дан­ды. Осы заңның 10-бабы «Қазақ­стан Республикасы мемлекеттік органдарының шет мемлекеттер­дің органдарымен және халықар­а­лық ұйымдармен экстремизмнің алдын алу, анық­тау және жолын кесу сала­сын­дағы өзара іс-қимылы» деп ата­лады. Осы бап ұлттық қауіпсіздік органдарына экстремизм мен террорлық әрекетке қатысы бар адам ретінде белгілі азаматтардың елге кіруіне тыйым салынған болатын.

Бұған қоса, заңдағы жаңа нормаларға сәйкес, шетелдердегі соғысқа аттанғалы жатқан қазақстандықтар қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны айқын көрсетілген еді.

Қорытындылайтын болсақ, еліміз өз тарапынан ай­мақтық бейбіт өмірді, қауіпсіз­дік­ті және тұрақтылықты қам­тама­­сыз ету, сонымен қатар, демокра­тиялық, әділ және ұтым­ды саяси, экономикалық халық­аралық тәр­тіп орнату үшін қолынан келген­нің бәрін жасап жатыр.

Пікірлер