Діни сауаттылықтың маңызы: Қоғамдағы радикализмді болдырмау жолдары

125
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ашық дереккөз бетінен
Фото: Ашық дереккөз бетінен

Дін адамзаттың рухани қажеттіліктерінің маңызды бөлігі болып табылады және қоғамда өзінің мәнін әрдайым білдіреді. Діннің адам өміріндегі рөлі бірнеше аспектілерде көрініс табады: дүниетанымдық қызметі, рухани құндылықтарды таратуы, жұбатуы, отбасы-неке қатынастарын реттеу, сондай-ақ адамдарды біріктіру немесе бөлшектеу. Қоғамдағы діни сенімдер соңғы жылдары өскеніне байланысты, діни сауаттылық мәселелері де өзекті болып отыр. Діни білімнің жеткіліксіздігі кейде қауіпті нәтижелерге алып келеді.

Мысалы, кейбір адамдар діни білім алу үшін шетелдерге барып, сондағы түсініктерді өз мәдениетімізге сәйкес келмейтін түрде түсіндіріп жатады. Бұл, өз кезегінде, жастардың ұлттық дәстүрлерден алшақтап, шетелдегі діни ағымдарға тартылуына себеп болуда. Мысалы, Сирияға барған жастардың кейін өздерінің адасқандарын түсінуі осының айқын дәлелі. Білім алудың маңыздылығы үлкен. Исламда білім алу міндетті деп саналады, ал Мұхаммед пайғамбар білім іздеуді барлық мұсылмандарға парыз деп айтқан. Осыған байланысты, ислам ғалымдары әртүрлі салаларда ғылыми жетістіктерге жетті, дін мен ғылымды қатар алып жүрді. Бұл ұстаным бүгінгі күнде де өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Қазіргі кезде елімізде діни білім алу мүмкіндіктері көп. Мұсылман жастары үшін діни білімді алу үшін оқу орындары мен медреселер бар, сондай-ақ шетелде оқуға мүмкіндік бар. Сонымен қатар, мектептер мен жоғары оқу орындарында да дінтану пәндері оқытылады. Діни білімнің мәні тек жастарының болашағына ғана емес, бүкіл қоғамның тұрақтылығы мен дамуына да әсер етеді. Сондықтан да ата-аналар мен мұғалімдер баланың діни танымын дұрыс қалыптастыруға үлес қосуы тиіс. Олардың дұрыс бағытта тәрбиеленуі елдің болашағы үшін маңызды.

Таяқтың екі ұшы болады демекші, ақпарат ағыны арасында эктремистік ағымдардың идеяларын насихаттайтын топтардың да бар екендігін ұмытпау керек. Осы ретте діни иммунитетті қалыптастыру өте маңызды. Көпұлтты және көп конфессиялы еліміздегі қоғамдық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз етуде діннің алатын орны айрықша, – дейді дінтану ғылымдарының PhD докторы Балғабек Мырзабаев

Қорыта айтқанда, діннің қоғамдағы орны мен рөлін дұрыс түсіну үшін діни білімнің маңызы зор. Бұл мәселе тек жекелеген адамның ғана емес, қоғамның да қауіпсіздігі мен дамуына әсер етеді. Сондықтан біз діни сауаттылықты арттыру үшін барлық күш-жігерімізді салуымыз қажет.

Пікірлер