Ұлытау облысы Сәтбаев қаласындағы "Қазақмыс" корпорациясының шахта қызметкерлері 17 желтоқсан кешінде айтқан талаптарын орындауды талап етіп, тарамай тұр, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ҚазТАГ-қа сілтеме жасап.
"Жұмысшылар әлі де тұр. Әзірге келісімге келген жоқ", - деп хабарлады шахта қызметкерлері 18 желтоқсан күні кешке.
Ереуілшілер шахта ішінде және кәсіпорын ғимаратының алдында жиналды. Дереккөздер мен фотосуреттерге сәйкес, ғимараттың сыртында келіссөз нәтижесін ондаған адам күтіп тұр. Ал шахтадағы жұмысшылар саны белгісіз.
Еске салайық, 17 желтоқсан кешінде 200-ден астам адам ереуілге шығып, бірнеше ұжымдық талап қойды. Негізгі талап – жалақыны екі есеге арттыру. Ереуілшілер сонымен қатар, бастамашыл топ мүшелеріне қысым көрсетпеуді талап етті.
Ақпарат көздерінің хабарлауынша, №65 шахта жұмысшылары жұмысты тоқтатқан. Кейін компания мәлімдеме жасап, "Жезқазғантүстімет" өндірістік бірлестігіне қарасты Оңтүстік-Жезқазған және Жыланды кеніштерінің жұмысшылары да жалақыны екі есе арттыру мәселесін көтергенін айтты.
18 желтоқсан таңында компания түсіндірме жұмысын "Қазақмыс" ЖШС бас директоры және кәсіподақ ұйымдарының өкілдері жүргізгенін хабарлады. Алайда келіссөздер нәтижесі туралы ақпарат берілмеді.
"Жалақыны күрт арттыру аймақтағы жалақы деңгейімен және саладағы айырмашылықты одан әрі ұлғайтып, компанияның кейбір кен орындарының бәсекеге қабілетсіздігіне әкеледі", – деп мәлімдеді "Қазақмыс".
Сонымен қатар компания 2023-2024 жылдары Сәтбаев пен Жезқазған қалаларындағы 10-нан астам нысанға 30 миллиард теңгеден астам инвестиция салғанын хабарлады.
17 желтоқсанда компания қызметкерлеріне инфляция деңгейінде, шамамен 8,5%-ға жалақыны индексациялау жоспарланғанын жариялады. Бірақ бұл жұмысшыларды қанағаттандырмады.
Компания 2025 жылдан бастап жаңа ұжымдық шарттың енгізілетінін айтты. Онда материалдық көмек пен өтемақыларды көбейту, ерекше қажеттілігі бар балалардың ата-аналарына қосымша жеңілдіктер, балалар демалысы бағдарламаларын кеңейту, және барлық қызметкерлерді ерікті медициналық сақтандырумен қамту қарастырылған.
Бұл "Қазақмыс" шахтерлерінің жалақыны көтеру туралы бірінші ереуілі емес. 2023 жылғы тамызда Сәтбаев қаласында жүздеген шахтер мен компания қызметкерлері жұмысты тоқтатқан.