Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президентінің кездесуіне алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ҚазТАГ-қа сілтеп.
Бұл туралы ол өз Facebook парақшасында жазды.
Депутаттың айтуынша, мұндай кездесулер оның ішкі алаңдаушылығын тудырады, және бұл кездесу 2021 жылы Санкт-Петербургте өткен Назарбаев пен Путиннің соңғы кездесуімен салыстырылуы мүмкін, ол кезде кейіннен Қазақстандағы «Қаңтар оқиғалары» орын алған еді. Самат Нұртаза өзінің жазбасында:
«Егер шындықты айтатын болсақ, мені осындай кездесулер ішкі алаңдаушылыққа толтырады. Бірден 2021 жылғы Петербургтегі кездесуден кейінгі «Қаңтар оқиғалары» есіме түседі. Меніңше, әр адам өз жұмысына жауапты болып, қазіргі кездегі орнындағы міндетін орындауы тиіс», — деп жазған.
Мәжілісмен сондай-ақ, басқа елдердегі бұрынғы президенттердің саясаттан қол үзіп, тек өз өмірлерімен айналысқанын мысалға келтірді.
«Мен Шушкевич немесе Кучма сияқты бұрынғы президенттердің басқа елдермен кездескенін көрген жоқпын. Шеварднадзе мен Ақаев те саясатта ешқашан көрінген жоқ. Неге біздің экс-президент үнемі саясатқа араласуы керек? Неліктен ол Мәскеуге жыл сайын ұшып барады? Әлде бұл әдет пе? Совет одағы кезінен қалған дағды ма? Кремльден мақұлдау алу керек болған шығар? Егер ол жай ғана турист ретінде ұшып барып келсе, ешкім ештеңе айтпайтын болар еді. Бірақ, ол бірден әуежайдан шығып, Ново-Огоревода, Путинмен кездесуге барады. Бұл алаңдатады. Ашық айтқанда, мен ешқандай дағдарыс пен дүрбелеңді қаламаймын», — деп өз алаңдаушылығын білдірді.
Депутат сондай-ақ, халық арасында түрлі қауесеттердің таралып жатқанына назар аударып, Ресейге жасаған сапардан кейін бұл қауесеттердің қайта күшейіп кетуі мүмкін екенін айтты. Оның пікірінше, мұндай жағдай қоғамның, сондай-ақ ел басшылығының ішкі бірлігіне және тұрақтылығына кері әсерін тигізуі мүмкін.
Естеріңізге сала кетейік, 13 желтоқсан күні Кремль Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің Ресейдегі президенттік резиденцияда кездесу өткізгенін хабарлады.