Адам еңбегін қанауға жол жоқ!

502
Adyrna.kz Telegram
Фото: gov.kz
Фото: gov.kz

Мемлекет басшысы «Адам саудасына қарсы күрес туралы» ҚР Заңына қол қойды. Заңда құл еңбегін қанау, жыныстық тиіспеушілік, қайыршылық, адамдарды қарулы топқа пайдалану, еріксіз неке, ағзаларды саудалау, асырап алу желеуімен нәрестені шетелге сатуға жол бермеу сынды азаматтардың құқықтарын жүзеге асыру көзделген.

Аталмыш заңды шетел азаматтарын жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерлік және шаруашылық иелеріне түсіндіру, сондай-ақ адам саудасы, есірткі,   алаяқтық қылмыстардың алдын алу мақсатында Батыс Қазақстан облысына қарасты  Бәйтерек аудандық ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша «адам, есірткі саудасының алдын алу мақсатындағы іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу» жобасы  шеңберінде рейд жұмыстарын жүргізді. 

Адам саудасымен күрес, есірткі заттарын сатудың алдын алу және «Алаяқтардан сақ болыңыз!» тақырыбында аталған мәселемен бетпе-бет келген азаматтар хабарласа алатын жедел жел телефондары, құқық қорғау құрылымдарының мекенжайы көрсетілген 1 000 дана брошюра таратылды. Бәйтерек аудандық көші-қон полициясының мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда Бәйтерек ауданы бойынша 1 137 шетел азаматы жұмысқа тартылған. Оның ішінде Приурал аумағында 756, Переметный бағытындағы ауылдарда 381 адам тіркелген. Iс-шара барысында егін шаруашылығымен айналысатын «Урожай», «Артур», «Кужаев», «Погодаев», «Жаңа әлем» шаруа қожалықтары мен Асан ауылында тасқыннан зардап шеккендерге арналған үй құрылысын жүргізіп жатқан «Уразбаева» жеке кәсіпкерлігі тексеріліп, жұмысшылардың еңбегіне сай уақтылы жалақы алуы, тұрғын үй, тамақпен қамтамасыз етілуі, тәуліктегі жұмыс уақытының сақталуы және құжаттары тексерілді. Шетел азаматтарының құжаттарынан заңбұзушылық анықталмады. Олардың тарапынан жұмыс берушілерге шағым түспеді.

Маусымдық жұмыстардағы ай сайынғы айлықтары 400-500 долларды құрайды. Жұмыс күні 8 сағаттан аспайтынын айтады.

Айта кету керек, шетел азаматтарының мүддесі ҚР «Халықтың көші-қон туралы» Заңымен және еңбек құқықтары ҚР «Еңбек кодексімен» реттеледі. Сондай-ақ егер аталған деректерге қатысты заңсыздықтар  тіркелсе полиция және миграция қызметі заң аясында шұғыл шара қабылдап, қылмыстық кодекстің адам еңбегін заңсыз қолдану бабы бойынша тергеу амалдарын жүргізеді. Аудандағы шетелдік азаматтар шаруа қожалықтарындағы маусымдық жұмыстар мен құрылыс саласына көптеп тартылған. ҰҚК қызметкерлері  шетел азаматтарының қандай дін ұстанатыны, оның айналасына әсері бағытында жұмыстар жүретінін, ҚР ҚК 174 бабы (ұлттық, әлеуметтік, рулық, діни, нәсілдік алауыздықты қоздыру)  және 258 бабы (террористік немесе экстремистік қызметті қаржыландыру) бойынша профилактика өткізілгенін айтады.

Пікірлер