Өзбекстанның экс-президенті Ислам Каримовтің қызы Гүлнара Каримоваға тағы бір айып тағылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Reuters агенттігінің мәліметінше, Гүлнара Каримова Швейцариядағы ең көне банктердің бірі - Lombard Odier арқылы ақшаны жылыстатуы мүмкін деген күдікке ілінген.
Швейцария прокурорлары банк пен оның бұрынғы қызметкерлерінің біріне қарсы айып тақты. Прокурорлардың айтуынша, ақша Lombard Odier-те ашылған тоғыз банк шоты арқылы ережелерді бұза отырып аударылғаны көрсетілген. Бұл қаражат Каримова қатысқан қылмыстық ұйыммен байланысты екені айтылды.
Бұрынғы президенттің қызы Гүлнәр Кәрімова қазір Өзбекстанда түрмеде жазасын өтеп жатыр. Ол бірнеше елдерде ұрлық, бопсалау және қылмыстық желі құрды деп айыпталған болатын.
2015 жылы 18 желтоқсанда Гүлнара Каримованы Ташкент қалалық соты – 10 жылға, ал 2020 жылы 18 наурызда жаңа қылмыстық іс шеңберінде тағы 13 жылға бас бостандығынан айырды. Оған "қастандыққа оқталды, қаржы жылыстатты, бопсалау, жымқыру және тонау қылмыстарын жасады деген айыптар тағылған. Өзбекстанды көп жыл басқарып, аяқ астынан қайтыс болған автократ Ислам Каримовтың қызы Гүлнара Каримова әкесі тірі кезінде-ақ Ташкент облысындағы әйелдер колониясына қамалған.
2022 жылы Қазақстандағы "Қаңтар қырғынынан" кейін Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев "қауіпсіздік кеңесінің төрағасы" өкілетінен айырылып, туыстары жоғары қызметтерінен босаған. Осыдан кейін Қазақстанда да Нұрсұлтан Назарбаевтың айналасындағы адамдардың шетелге "заңсыз шығарған ақшасын қайтару" қолға алынған-ды.