Креативті жобалар қолдау табады — Евгений Кочетов

754
Adyrna.kz Telegram
Фото: aqmolacom.kz
Фото: aqmolacom.kz

Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрлігі облыстағы мәдениет нысандарының құрылысын жеделдетіп, шығармашылық индустрияға қолдау көрсету үшін жаңа қорлар мен заңдар қабылдады. Сонымен қатар, ақпараттық саладағы реформалар журналистердің кәсіби тұрғыдан дамуына бағытталған. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов журналистермен өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.

Министрліктің негізгі бағыттарының бірі — мәдениет саласын дамыту, оның ішінде мәдениет нысандарының құрылысымен және қайта жөндеумен байланысты мәселелер. Вице министр осы салада атқарылған жұмыс жайында баяндады.

«2023 жылы мәдениет саласында 44 жаңа нысан бой көтеріп, 260 нысан күрделі жөндеуден өткен. Бұл жұмыстардың нәтижесінде 2024 жылдың соңына дейін 45 жаңа мәдениет нысаны салынып, 255 нысан күрделі жөндеуден өтеді деп жоспарланып отыр. Ақмола облысында мәдениет нысандарының құрылысы «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Мысалы, 9 жаңа мәдениет нысаны салынды, 3 нысан реконструкциядан өтті, 85 нысан жөндеу жұмыстарына ұшырады. Алдағы уақытта Бурабай ауданында жаңа мәдениет нысаны ашылмақ, ал Целиноград ауданында да осындай жұмыстар басталады», — деді Евгений Кочетов.

Министрлік, сондай-ақ шығармашылық адамдарды қолдау бағытында түрлі сыйлықтар мен марапаттар ұйымдастырады. Келесі аптада ұлттық әдебиет сыйлығы, «Рухани қазына» фестивалі мен «Ұмай» театралдық өнер сыйлығы табысталады.

Вице-минстр сондай ақ Қазақстандағы кино индустрия жаңалықтарымен де бөлісті. Оның айтуынша, Сенатта отандық фильмдерді қаржыландыруға арналған арнайы заң жобасы талқылануда. Бұл өзгерістер Қазақстанның мәдениет саласын дамытуға бағытталған жаңа қаржыландыру механизмдерін енгізуге мүмкіндік береді. Ақмола облысында да кино саласына қатысты жаңа тәсілдер енгізіліп, мемлекеттік қолдау көрсету бағытында конкурстық рәсімдер мен қаржыландыру шарттары қайта қаралды.

Сонымен қатар елдегі ақын жазушыларға жасалып жатқан қолдау жайы да сөз болды.

«Әдебиет барлық өнердің төресі саналады. Сондықтан да отандық ақындар мен жазушыларды қолдау мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі болып қала береді. Соңғы жылдары мемлекет жаңа туындылар шығаруға, әсіресе жас таланттарды қолдауға ерекше назар аударуда. Жаңа шығармалардың басылып шығуы, сондай-ақ мәдени мұраны сақтау үшін бұрынғы шығармалар қайта басылып, жастар арасында әдебиетке деген қызығушылықты арттыру жұмыстары жалғасуда», — деп толықтырды вице-министр.

Вице-министрдің айтуынша, Қазақстанда креативті индустрияны дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, креативті кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін арнайы қор құрылып, заң жобасы әзірленуде. Креативті хабтар құру арқылы халықтың шығармашылық әлеуетін дамыту мақсатында республикада 10 hup ашылды, ал 2024 жылы Ақмола облысының Кокшетау қаласында жаңа креативті hup ашу жоспарлануда. Бұл жобалар адамдарға өз қолымен жасаған дүниелерін табыс көзіне айналдыруға мүмкіндік береді. Креативті индустрияға мемлекет тарапынан қолдау көрсету үшін ұлттық лоторея операторының қаражатының үш пайызы бөлінеді.

2023 жылы журналистер үшін маңызды заңнамалық өзгерістер болды. Журналистика саласындағы кәсіби стандарттарды нығайту үшін «Масмедиа туралы» заң қабылданып, журналистердің аккредитациясы туралы жаңа ережелер енгізілді. Онлайн жарнама және платформалар бойынша да жаңа заңдар күшіне енді.

«Енді блогерлер жарнамаларды міндетті түрде белгілеп, өздерінің жарияланымдарына жауапты болуға тиіс. Бұл заңнамалық шаралар блогерлер мен онлайн жарнама нарығын реттеуге бағытталған және мемлекеттің осы саладағы кірістерін арттыруға мүмкіндік береді», — деп түйіндеді вице-министр.

Бүгінгі күні Қазақстанда көптеген қайырымдылық ұйымдары жұмыс істейді, алайда бұл салада да кейбір заңсыздықтар мен мәселелер туындап отыр. Вице-минстрдің айтуынша, Министрлік бұл мәселеге назар аударып, қайырымдылық ұйымдарына қатысты заң жобасын әзірлеуді бастаған. Қазір осы салада жаңа концепция дайын, алдағы уақытта тиісті заңнамалық шаралар қабылданады.

Мәдениет және ақпарат министрлігі алдағы уақытта да мәдениетті дамыту, шығармашылық салаларды қолдау және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында көптеген маңызды шараларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Пікірлер