Асқардың ақын қызы

855
Adyrna.kz Telegram

Талайды таң қалдырудан танбайтын майталман фототілші Болат Омарәлиев 1983 жылғы 23 тамызда тағы бір тағылымды сурет түсіріпті. Бұл күні Қызылорда қаласында қазақтың әйгілі ақыны Асқар Тоқмағамбетов жерленген. Өмір бойы Сыр елін мекен еткен Асекеңмен қоштасуға Алматыдан қисапсыз қаламгер келіпті. Әбділдә Тәжібаев, Әзілхан Нұршайықов, Қалтай Мұхамеджанов бастаған ақын-жазушылар қырғи тілді сықақшыны ақтық сапарға аттандырып салды. Әсіресе, майдангер жазушы Әзағаңның: «Мен бүгін өзім үшін де, Асекеңнің соғыста менімен бірге болған ұлы Төребек үшін де топырақ салдым», – деген сөзі жиылған жұртты жылатты.

Ал мынау – қаралы жиында өлең оқып тұрған ақын қыз Надежда Лушникова. Сырдың сары қызы. Алматыдан қазір ғана ұшып келген беті. Қызылордада он төрт жыл өмірін өткізген Надя әпкеміз бұл мезгілде астана іргесіндегі Ұзынағашта ұстаздық қызмет атқаратын. Сәмбіталтай бойжеткен кезінде Сыр еліне келіп, Асқар ақынның шексіз қамқорлығына бөленді. Жыр жампозы сары қыздың балауса өлеңдерінің бағын ашты. Оны өз баласынан кем көрмеді. Бұл да сол үйдің бір перзентіндей әбден бауыр басып кетті. Надя тұрмысқа шыққан кезде комсомолдық тойы қазіргі Асқар Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде өтті. Асқар аға жас жұбайларға арнап өлең оқыды. Сыр сүлейлерінің бірі Сыр сұлуының бетін ашты. Надежда әпкеміз Асекеңнің зайыбын өз анасындай қадірлейтін еді. Сол кісінің құрметіне бір қызының атын Құралай деп қойды.

Асекеңнің дүние салғаны жөніндегі хабар жеткенде Надежда Андрейқызы сол Құралайды ұзатып жатыр еді. Көптен күткен құдалықтың жоба-жоралғысын асығыс-үсігіс атқарды да, ұшаққа билет алып, Сыр бойына дереу аттанып кетті. Жол-жөнекей өлең жазып барған сияқты...

Мынау – сол сәт. Надя әпкеміз бар дүниені ұмытып, жан-тәнімен беріліп, өлең оқып тұр. Қасында тұрған кісі – Қазақ ССР-нің Юстиция министрі, Асекеңнің ауылдас інісі Бегайдар Жүсіпов. Надежданың қалқасында қалған адамды бас пішіні мен шаш қойысына қарап, Қалтай аға шығар деп топшылаймыз. «Надя сол жолы «Асқар аға, арнайы қызың кеп тұр...» деген сыңайдағы өлең шумақтарын оқыды», – деп еске алады Аякөз Асқарқызы Тоқмағамбетова.

Асекең 1983 жылғы 21 тамыз күні қайтыс болды. Мен осыдан жиырма үш жыл бұрын «Хабар» агенттігінде жұмыс істеп жүрген кезімде Қайнар Олжайдың тапсырмасымен Қызылордаға келіп, Асқар аға туралы деректі фильм түсірдім. Асекең дария жағасындағы қаланың Күләш Байсейітова көшесіндегі 86-үйдің 11-пәтерінде тұрған. Телеператорым Бердібек Бимағамбетовпен бірге осы үйдің мүйіс-мүйісін, мол мұрағатын таспаға түсіріп алдық. Әсіресе, бізді таң қалдырған көрініс мынау еді. Асекеңнің жұмыс кабинетіндегі заттар сол күйі тұр. Үстел үстіндегі календардың парағы Асқар аға өмірден өткен 21 тамыздан бері ауыстырылмаған. Ал сағаттың тілі 2-нің тұсында тоқтап қалған. Жыр алыбының баршамызға суреттен ғана таныс дөңгелек тақиясын да осы жерден көресің. Араб қарпімен жазылған қолжазбалары да сонда жатыр. Құдды бір Асекең орнынан тұрып, сәл-пәл сейілдеп келу үшін сыртқа шығып кеткендей әсер қалдырады. Әне-міне дегенше кеп қалатын тәрізді... Мұның бәрі әке қадірін, әдебиет қадірін білетін саналы қыз Аякөздің арқасы.

                                   * * *

Сонымен, сол күнгі сурет... Сыр сұлуының суреті. Сұлу сәттің суреті. Сұлу жырдың суреті... Асқар таудай Асқардың Алатауға жаққа ұзатылып кеткен ақын қызы әкесінің жаназасына арнайы келіп, аһ ұрып, аңыратып жыр оқып тұр. Азаматқа бергісіз ару. Бекзатсыз, беріксіз, биіксіз, Надя әпке! Бар болыңыз!

                                   * * *

Солай, Болат аға, өзіңіз өмірден өтсеңіз де, суреттеріңіз сөйлеп жатыр әлі... Ғұмыры ұза-а-ақ кадрлар түсіргенсіз-ау, сірә...

Бауыржан Омарұлы

Пікірлер