Міржақыптың туған күнінде тағы бір суреті жарияланды

1105
Adyrna.kz Telegram
Сурет: Егемен Қазақстан
Сурет: Егемен Қазақстан

Қазақтың аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері, ақын Міржақып Дулатұлының 1906 жылы Петропавл қаласында түскен суреті табылды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі «Егемен Қазақстан» газетіне сілтеме жасап.

Фотосурет 1967 жылы Нью-Йорк, Лондон қала­ларында қатар басылған «Ор­та­лық Азия Ресей отарында» атты зерттеу еңбегінде жа­рық көрген. Америка тарихшысы Эдвард Алворздің редакциясымен оқырманға ұсы­нылған бұл ғылыми жи­нақ­та Орталық Азиядағы халық­тар­дың жалпы жағдайы, тілі, әдебиеті, әлеуметтік және қоғамдық түйткілдер, отар­лық дәуір жағдайы сияқты ма­ңызды мәселелерді сөз еткен. 

Осы жинақтың бел орта­сындағы «Құбылмалы зият­керлік және әдеби сауат­ты­лық» атты мақалада: «Қазақ ұлт­шылдарынан құралған «Алаш­орда» партиясының не­гі­зін қалаушылардың бірі, қазақ оқу-ағарту комиссары міндетін атқарған Ахмет Бай­тұрсынұлы шын мәнінде ма­ңыз­ды саяси қайраткер бола білді, ал Міржақып Дулатұлы оны көптеген іс-әрекетте өзіне үлгі тұтты»,–деп жазылған.

Сондай-ақ ғалым Міржақып Дулатұлының бұрын жарияланбаған бір суретін қосқан. Оның астына «Міржақып Дулатұлы (сол жақта) қазақ реформаторы, жақын досы Ахмет Вали Иб­рахимоғлының қолын қы­­сып тұр, Петропавл, 1906 жыл» деген түсініктеме берген.

Айта кетейік, биыл «Оян, қазақ!» деп жар салған Міржақып Дулатұлының туғанына 139 жыл толып отыр. Алаш арысы 1885 жылы 25 қарашада Торғай өңірінде дүниеге келген. Ол ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ зиялыларымен бірлесіп, қазақ халқының азаттығы үшін күресті. Сондай-ақ ұлттық баспасөзіміздің ұйытқысы болып, «Қазақ», «Сарыарқа», «Алаш» газеттері арқылы орасан зор жұмыстар атқарды.

Пікірлер