Бір адам қаза тапты. Тәжікстандағы қытайлық кәсіпорынға шабуыл жасалды

373
Adyrna.kz Telegram
Фото: fergana agency
Фото: fergana agency

Ауғанстанмен шекарадағы Тәжікстандағы қытайлық кәсіпорынның лагеріне шабуыл жасау салдарынан Қытай Халық Республикасының  бір азаматы қаза тауып, тағы төртеуі жарақат алды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы fergana agency-ға сілтеме жасап.

Бұл туралы Қытайдың Сыртқы істер министрлігі хабарлаған.

Оқиға 18 қарашаға қараған түні болды. Лагерь Ауғанстанмен шекаралас аймақта орналасқан. Шабуылдаушылардың кім екені және олардың мақсаттары әлі анықталмады.

Пекин бұл шабуылды қатаң айыптап, зардап шеккендердің отбасыларына көңіл айтты. Қытайдың Душанбе қаласындағы елшілігі оқиға болған аймаққа көмек көрсету үшін жұмыс тобын жіберді.

Қытай елшісі тәжік билігін осы оқиғаны мұқият тергеуге шақырды.

ҚХР-дың Сыртқы істер министрлігі Қытай азаматтары мен шекара маңындағы компанияларға, әсіресе тәжік-ауған шекарасындағы күрделі жағдайды ескере отырып, қауіпсіздікке аса назар аудару қажеттігін ескертті. Бұл шекараның ұзындығы 1350 км құрайды.

«Азия-Плюс» басылымының хабарлауынша, оқиға Тәжікстанның Шамсиддин Шохин ауданында, тәжік-ауған шекарасында болған. Бұл учаскенің ұзындығы 10 шақырымнан асады және ол ең қауіпті аймақтардың бірі болып саналады. Таулы рельеф пен орманды жерлердің салдарынан оны патрульдеу қиын. Қылмыскерлердің жасырынуына мүмкіндік бар. Сондықтан бұл аймақ көбінесе ауғандық есірткі тасымалдаушылардың Тәжікстан аумағына есірткі заттарын контрабандалық жолмен өткізу үшін пайдаланылады. Бұрын бұл жерде адамдарды кепілге алу және жергілікті тұрғындар мен шекарашыларға шабуыл жасау оқиғалары бірнеше рет тіркелген. Алайда бұл ауданда Қытай азаматтарына шабуыл алғаш рет болды.

Тәжікстанда қытайлық компаниялар пайдалы қазбаларды, соның ішінде алтынды өндіруге белсенді қатысады. Республикада толық немесе ішінара қытайлық капиталмен жұмыс істейтін бірнеше алтын өндіру кәсіпорны бар.

Пікірлер