ForteBank халықаралық ISO 20022 стандарттарға сәйкес төлемдерді жүзеге асыруға дайын

779
Adyrna.kz Telegram

Халықаралық стандарт транзакциялардың қауіпсіздігі мен нақтылығын одан әрі жақсарта түседі.

2024 жылдың 25 қарашасынан бастап қазақстандық төлем жүйесі банктер арасындағы өзара қаржылық ақпарат алмасу үшін ISO 20022 халықаралық стандартын пайдалануға көшеді. ForteBank өз клиенттерінің  жаңа стандартқа көшуі үшін банк жүйесіне барлық қажетті өзгерістерді енгізді. Барлық қаржылық қызметтер бұрынғыдай қолжетімді, ал операциялар  ыңғайлы әрі қауіпсіз.

«Бүкіл әлем ISO 20022 стандартына көшіп жатыр, бұл стандарттың бірқатар артықшылықтары бар: төлемдер жылдамырақ өңделеді, әрі талдау мен есеп беру үшін кеңірек және нақтырақ деректер қамтылады. Біз банк жүйелерінің вендорларымен жаңа төлем форматын қалыптастыруға, сондай-ақ ISO 20022 стандартына көшуге байланысты енгізілетін жаңа төлем реквизиттерін әзірлеу мен тестілеу бойынша жұмыстар жүргіздік. Сол сияқты, біздің клиенттер де 25 қарашадан кейін төлемнің жаңа реквизиттері бойынша деректерді ұсыну үшін өздерінің есеп жүйелерін өзгертуі керек», – деп түсіндірді ForteBank-тің төлем жүйелері бағытының жетекшісі Айгерім Құттыбаева.

Жаңартылған стандарт бойынша төлем құжаттарында жаңа өрістер пайда болады: егер ақша жіберуші немесе алушы Қазақстанның резиденті болмаса, онда олардың резиденттігі көрсетуі тиіс.

Сонымен қатар, аударымға басқа тұлғалар қатысса, оларды «нақты төлеуші» және «нақты бенефициар» деген бөлек өрістерде көрсету қажет.

Бұл өзгерістер барлық банк аударымдарына, соның ішінде шетелдік резиденттерге жалақы аударымдарына қатысты қолданылады. Жаңа өрістер интернет-банкингте, мобильді қосымшада және жазбаша төлемге енгізілетін болады.

Жаңа стандарттар банк карталары арқылы жасалатын төлемдерге әсер етпейді. Сондай-ақ, халықтың банк карталарымен төлем жасауына, QR-кодтар арқылы төлемдерге, мобильді аударымдарға, банкоматтан қолма-қол ақша алуға және басқа да күнделікті операцияларға өзгеріс енгізілмейді.

ISO 20022 стандартына көшу қаржы операцияларының қауіпсіздігін одан әрі күшейтіп, жоғары сапа мен жылдамдық стандарттарын сақтауға көмектеседі.

Пікірлер