Жаңаөзендегі ереуіл. Компания жұмысшылары талаптың орындалмай жатқанына наразы

934
Adyrna.kz Telegram
Фото: Бейнеден алынған
Фото: Бейнеден алынған

Жаңаөзендегі "Өзенмұнайгазға" қарасты "Бұрғылау жұмыстары басқармасы" компаниясының жұмысшылары үшінші күн қатарынан ереуілге шықты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Ұлысмедиаға сілтеп.

Тілшімен сөйлескен қызметкерлердің бірі “талабымыз орындалмайынша, жұмысты жалғастырмаймыз” деген.

"Бұрғылау жұмыстары басқармасы" компаниясында оператор болып істейтін Мұратбай Жұмағалиев бұл жолғы ереуілдегі талаптар жаңа талаптар емес, осыған дейін қойылған, басшылық тарапынан шешу уәде етілген талаптар екенін айтады.

Мұратбай есімді жұмысшының сөзінше, бұған дейін ҚазМұнайГаздың басшылары қарашаға дейін талаптарын біржақты ететінін мәлімдеген.

“Олардан хабар болмаған соң, осылай жұмысты тоқтатып, ереуілдетіп жатырмыз”, - деді Мұратбай.

Компания жұмысшысының айтуынша, кәсіпорында 1250-дей адам жұмыс істейді. Бүгінде бәрі жұмысты тоқтатқан. Талап-тілектер орындалмай, қызметкерлер жұмысқа кіріспейтінін айтқан.

Оларға алдымен “Өзенмұнайгаз” АҚ-ның бас директоры Жанболат Саймағанбетов келіп, қойылып отырған талаптарды орындай алмайтынын айтқан. Яғни, оны шешу “жоғары жақ” – “ҚазМұнайГаз”-дың еншісінде екенін айтқан. Жұмысшылар “шеше алмасаң, жоғары жақты шақыр онда” делінген.

Компания қызметкері Мұратбай Жұмағалиев “ереуілдетенімізді алдын ала ескерткенбіз” дейді.

“Бізде бұрын 7 талап болған, екеуін орындау қиын деген соң 5-ке түсірдік. ҚазМұнайГаздан алдымызға келсін, сөйлесеміз, келісеміз. Аспандағы айды сұрап жатсыңдар, мынау мүмкін емес десе халық та түсінеді ғой. Шабармандарын, прокуратураны жібермей бізге өздері келсін. Жағдайға қарай сөйлесеміз. Келмейінше, жұмысты жалғастырмаймыз, осылай талап етіп тұра береміз”, - дейді ол.

«Өзенмұнайгаз» өкілдері “қазіргі уақытта басшылық кәсіпорын жұмысшыларымен келіссөз жүргізіп жатыр” деп жауап берді.

“Олар қойған әр талап мұқият қарастырылады. Барлық мәселе заң аясында, атап айтқанда ҚР Еңбек Кодексінің шеңберінде шешілуге тиіс” делінген компания жауабында.

"Бұрғылау жұмыстары басқармасы" комнаиясының жұмысшылары басшылыққа бес түрлі талап қойғаны туралы айтылған болатын.

Пікірлер