Жаңаөзендегі ереуіл. Жұмысшылар басшылыққа қандай талап қойды?

1155
Adyrna.kz Telegram
Фото: Бейнеден алынған
Фото: Бейнеден алынған

Маңғыстау облысындағы Жаңаөзенде "Өзенмұнайгазға" қарасты "Бұрғылау жұмыстары басқармасы"(БЖБ) компаниясының жұмысшылары ереуілге шықты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Азаттық радиосына сілтеп.

БЖБ компаниясының жұмысшылары жұмысты тоқтатып, басшылыққа бес түрлі талап қойған. Олар: ӨМГ зейнеткерлері мен денсаулығынан айырылған мұнайшылардың балаларын тікелей штатқа алу, Жаңаөзен қаласында жұмыссыздық мәселесін шешу, Ұжымдық шартта 2013 дейін болған дербес еңбекақы төлеу жүйесін қайтару, машинистер мен операторлардың дәрежесін көтеру, 30% қосымша жалақы тәртібін төлеуді ұжымдық шартқа енгізу.

"Егер біз дербес еңбекақы төлеу жүйесіне өтсек, жалақымыз өседі. Мысалы бізден табыс салығын және өзге де салық түрлерін айлығымыздан ұстайды. Соны менің түсінігім бойынша, жаңа жүйеге өтсек, бізден ұстамайды. Бізден ұсталған салық біздің зейнетақы жүйесіне құйылады" деген наразылыққа шыққан жұмысшылардың бірі Ғазиз Махамбетов Азаттық тілшісіне.

Азаттықтың хабарлауынша, 13 қарашада "Өзенмұнайгазға" қарасты тағы үш мекеме БЖБ-ның талаптарын қолдап, жұмысқа шықпаған. Желіде тараған видеоның бірінде ӨМГ-ға қарасты мекеме жұмысшысы делінген бір адам "БЖБ талаптарын қолдап, бір сағатқа жұмысты тоқтаттық" деп айтады. Видеода жұмысшылардың ғимарат ішінде тұрғаны байқалады.

"БЖБ-ның басында бар мәселе оларда да бар. 32, 33, 35-мекемелер жұмысқа шықпапты. Мен өзім бүгін бір мекемеге барып келдім. Олар жүз пайыз шықпай тұрмыз”, - деді Ғазиз Махамбетов.

Жұмысшы Ғазиз Махамбетов бір күн бұрын кешке БЖБ мекемесінің ереуілшілеріне "Өзенмұнайгаздың" бас директоры, кадр бөлімінің жетекшісі, бас экономист келіп, қызметкерлердің талабын тыңдаған. Олар жұмысшыларға "талаптарың заңсыз" деп айтқан.

"Біз бұл талапты айтып келе жатқанымызға жеті ай болды, осы уақыт аралығында ештеңе өзгермеді. Бұған дейін біздің жігіттер тіпті Астанаға дейін барып, "ҚазМұнайгазға" жазбаша арызымызды тапсырып келген. ҚМГ-ның жаңа басшысы бұл талап дұрыс екенін айтқан" дейді Ғазиз Махамбетов.

Азаттық радиосы "Бұрғылау жұмыстары басқармасы" мекемесіне хабарласқанмен әзірге жауап ала алмаған. Бүгінде мекеменің директоры міндетін атқарушы Меңдібай Қосжанов журналистердің сұрақтарына жауап бермейтінін айтып, телефон тұтқасын қоя салғанын айтады.

Айта кетейік, наурыз айында «Қазмұнайгаз» ҰҚ» АҚ жұмысшылары да ереуілге шыққан болатын. 

Пікірлер