«Киік еті Ресейге сатылып жатыр ма?» Облыс әкімі жауап берді

1044
Adyrna.kz Telegram

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Астанада өткен баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдерінің киік етіне қатысты сұрағына жауап берді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Өңір басшысына «Киік етін жергілікті ет комбинаттары өңдеп жатыр ма, әлде ол Ресейге сатылып жатыр ма?» деген сауал қойылды.

«Өздеріңіз білесіздер, киік санын реттеуді қазір тоқтаттық, яғни, оларды атып немесе қолмен аулап, ұстауға да болмайды. Сондықтан олардың етінен консерві дайындау немесе етін сату жөнінде ақпарат жоқ", - деді әкім. Нариман Төреғалиевтің айтуынша, бүгінгі таңда облыс басшылығы Ресей Федерациясының жауапты органдарымен өзара киіктердің бұрыннан қалыптасқан миграция жолдарын ашу жөнінде келісімге келді.

«Ақбөкендердің жайылып жүрген елді мекендері арасында бұрыннан қалыптасқан жолдары оңтүстік аудандарда екенін айттым. Олар Ресейдің шекарасына өтеді немесе Қазақстан шекарасына кіреді. Осыған байланысты екіжақты шекара арқылы жолдарын ашу жөнінде екі мемлекет келісімге келді. Біздің Экология министрлігі мен Ресей Федерациясының осыған жауапты министрліктері жұмыс істеп жатыр. Әзірге киік етін сатып та жатқан жоқ, ешқандай консерв те жасап жатқан жоқ», - дейді ол.

Пікірлер