Чехия президенті Петр Павел елдің 60 азаматына Украина армиясы қатарына қосылуға рұқсат берді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.
Бұл туралы сенбі күні Чех радиосы мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Филип Платошқа сілтеме жасап мәлімдеді.
Президенттің рұқсатынсыз шетелдегі әскери қимылдарға қатысқандарға Чехияда қылмыстық жаза қарастырылған.
Бұл осындай рұқсат берудің алғашқы жағдайы емес. 2023 жылдың желтоқсанында Ресейдің Украинаға жаппай басып кіруі басталғаннан бері Чехияның 553 азаматы Украинаның Қарулы Күштері қатарында соғысуға ниет білдіргені белгілі болды. Олардың 151-і рұқсат алды.
Қазан айында Петр Павел өткен жылы Украина жағында соғысып, Бахмут үшін шайқаста қаза тапқан чех еріктісі Карел Кучеруге қайтыс болғаннан кейін «Ерлігі үшін» медалін берді.
Тамыз айында ерікті Филипп Симанды Прага соты Киев маңындағы ұрыс кезінде тонау жасағаны үшін жеті жылға соттады.
Симан президенттің рұқсатынсыз Украина армиясына қосылып, Чехияда шетелдік қарулы күштерде қызмет еткені үшін айыпталған. Бірақ бұл іс бойынша ол ақталып шықты. Өйткені сот елдің премьер-министрі Петр Фиала мен бұрынғы президент Милош Земанның Украина Қарулы Күштеріне қосылған азаматтарды қудаламауға берген уәдесін негізге алған.