МАҚСАТ ТӘЖ-МҰРАТ: Қазіргі қалпында қазақтың тойы шаршатады

963
Adyrna.kz Telegram

Қазан айын тоймен өткіздім.

Алдымен Оралда журналистика жампозы Есенжол Қыстаубаевтың 70-ке келген мерейтойы, одан соң Атырау, Назарбек Косшиев іні-досымның Думан ұлын аяқтандырған қуанышы.

Несін айтасың, екеуі де дүркіреп өтті. Десе де, құдайшылығын айтайын, қазіргі қалпында қазақтың тойы шаршатады: бір сәтке үзілмейтін даңғаза музыка, бір сағат сөйлеп келіп "Айтайын дегенім бұл емес еді" деп қайта бастайтын көкелер... Данста керсендей құйрығымен қағып өтетін келіндер, пардон... Бір қолы қалтада, саған өмір сүруді үйретіп тұратын, Абай қорқып кеткен " кейінгі жас балалар".

Кеше Алматыда, Көктөбеде Ғабдрахим Жаңбырбаев ағамыз бен Ақұштап Бахтыгереева  жеңгеміздің отау құрғанына 50 жыл толу салтанаты өтті.

Жазира, Ғазиза және Таһмина ата-аналарының алтын тойын өткізуде жалпы той салтанатының сүйкімді стандартын көрсетті.

"Абай" рест-тің шағындау банкет залы... 80 жастан нышан тастайтын 80 қадірлі қонақ... қазақтың сүт бетіндегі үлпікерлері... баяу ойнаған релакс музыка... жәйімен ырғалған танго, вальс...

Роза мен Мақпал, Жұбаныш Жексен кезектесіп ән айтты. Әсіресе Мақпал 4-5 әнді қатар жіберіп, данс көрігін қыздырды. Шыным, жанды дауыстағы концерттерге баруды қойып, музыканы ютубтан жақсы наушникпен тыңдап жүргеннен бе екен, мындағы "живой" вокалдардан онша ләззат ала қоймадым. Қайта Досым Сүлеев ағамыздың саксының даусын естігім келген, бірақ ол кісі ортаға шықпады.

Ақұштап апай Роза Қуанышқызы мен Мақпалды екі жағына алып отырды. Маңайдағы білетін кісілер "Екеуінің бір үстелде отыруы сирек" десіп жатты. Білмедік о жағын, әйтеу Мақпал Розаны әлпештеп би алаңына шығарғанын көрдік.

Білетініміз : кездессе "Өткендегі жазғаның жып-жылы екен"деп қол қысып құттықтап жататын жазушылар ортасында ондай көреалмаушылықтың жоқ екендігі, болса да аздығы. Біз -- Өтеген Оралбайұлы Өтекең, Ұлықбек Есдәулетов - Ұлағаң, Жүсіпбек Қорғасбек - Жүкең, Әміржан Қосан - Әмір және Әділ Қойтан болып қауқылдасып, бір жасап қалдық.

Мұндай алтын, гауһар тойларда ең көп айтылатын тілек -- осыншама уақыт бір шаңырақ астында тұрып келе жатқан екеуді еңбек еріне теңеу, таңдану, таңырқану. Ие, айтса айтқандай, ұшақта үш сағат қатар отырған көршіңнен жалығып кетесің, ал сонша ұзақ жыл терпила болу...бұл енді ерлік қой. Мұндай кісілерге және әрқайсысы өзінше шығармашылық тұлға адамдарға кеуде мүсінін қойса да артықтық етпейтін шығар.

Қазақтың тойы - қонағы азаңдау болса да шаршатпайтын жақсы тойы бітпесін, еншалла.

 

Мақсат Тәж-Мұрат

 

 

Пікірлер