ҚАНАТ ТІЛЕУХАН: Отчет үшін...

1628
Adyrna.kz Telegram

Өткен бейсенбіде Талдықорғаннан бір жігіт хабарласты. “Аға, ертең келе аласыз ба?” дейді ентігіп. “Тыныштық па?” деймін. “Сізбен кездесу ұйымдастырсақ” дейді. Б. Римова театрында «Медаль» спектаклі қойылғанда ғана туған жерде бір шығармашылық қауышу болған еді. Осы уақытқа дейін Талдықорғанда оқырманмен бес минуттық та кездесу өткізбеппін. “Жақсы” деп келістім. Бүгін келсем, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы еркін форматтағы» кездесу деп тұр. Екі жас қыз жүр екен.

- Менің жемқорлыққа қатысым не? - десем, күмілжіп дұрыс жауап бере алмады. Ақыры келдім ғой деп отырдым. Сонымен бір сағат өтті ешкім жоқ.

- Қыздар, бұның бәрі отчет үшін ғой. Видеоға түсіріп алыңдар. Кешігіп келе жатқан көрерменді түсіріп, монтаж жасай саларсыңдар,- десем “мақұл” дейді. Негізі әзілдеп айтқам. “Жақсы-жақсы” деп мобилогрофқа түсіртіп жатыр.

- Балалар, мыналарың ұят қой. Аман болыңдар, - десем, “ренжімеңізші” дейді. Тіпті ертең келе аласыз ба деп қояды. (Алматыдан жұмысымды тастап келген ем). Әңгіме осы. Ұйымдастырушы - Қоғамдық даму басқармасы мен облыстық антикор.

Осы әңгімені фейсбукке жазбай-ақ қояр ем. Жыл басында «Шатырдағы әйел» кітабымның тұсау кесерін өткізіп берейік деген шақыртуды баспагерім Асылан Тілеген арқылы алғанмын. Ол кезде де отчет үшін боп қалды. Талдықорғандағы Жұматай Оспанұлы бастаған қаламгерлер «Қақа, мынау былай болады деп ойламадық. Кейін өзіміз дұрыстап ұйымдастырайықшы» деген еді.

Айтпақшы, қайтып бара жатсам шотыма елу мың теңге түсті. Дана есімді қыз қоңырау шалып кешірім сұрады. 50 мың қаламақым екен. Қайта өзіне салып жібердім. Қорланып кетіп барам.

 

Қанат Тілеухан

 

 

 

 

Пікірлер