Қазақстанда автомобиль өндірісі өткен жылмен салыстырғанда 2,1 пайызға азайды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Қазақстан автомобиль одағының мәліметінше, 2024 жылдың алғашқы тоғыз айында елде 92 243 бірлік техника өндірілді. Оның ішінде:
- жеңіл автомобильдер – 82 877 дана (-16,7 пайызға азайған),
- жүк көліктері – 5 896 дана (-15,2 пайызға азайған),
- автобустар – 1 838 дана (-7,5 пайызға азайған).
Қазақстан автомобиль одағының президенті Анар Макашеваның айтуынша, өндіріс көлемінің төмендеуі логистика, жабдықтау, шикізат және қосалқы бөлшектерді жақын елдер арқылы жеткізудегі уақытша қиындықтарды көрсетеді.
Өңірлер бойынша өндіріс көлемі:
- Қостанай (Allur) – 55 122 дана (-16,2 пайыз),
- Алматы (Hyundai Trans Kazakhstan, Hyundai Trans Almaty) – 29 583 дана (-21,9 пайыз),
- Семей (СемАЗ, Daewoo Bus Kazakhstan) – 3 933 дана (+36,1 пайыз),
- Қарағанды облысы (QazTehna) – 1 008 дана (+1,5 пайыз),
- Көкшетау (КАМАЗ-Инжиниринг) – 812 дана (-13,7 пайыз),
- басқа өндірушілер – 1 755 дана (+9,3 пайыз).
Еске сала кетейік, 2022 жылы "ӨКМ Операторының" шоттарында тұрған 220 миллиард теңгенің 100 миллиард теңгесін жеңілдетілген автонесиеге бағыттау туралы шешім қабылданған болатын. Жеңілдетілген автонесиелерге өтінімдер небары 18 секундта қабылданған.
Кейіннен бұл қаражатты қалалық автобустарды жеңілдетілген пайыздық мөлшерлемемен лизингке алу үшін бағыттау туралы шешім қабылданды. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың айтуынша, бұл шешім дұрыс болған.
"Бұл қаражат қалалық, аймақтық және облыс орталықтарындағы қоғамдық көлікті дамытуға жұмсалды. Меніңше, бұл дұрыс шешім: жеңілдетілген несие берудің орнына, қоғамдық көлік сапасын жақсартып, көптеген азаматтарымыздың қажеттілігін қамтамасыз етеміз. Осылайша, жеңілдетілген несие беру мәселесін біз бір жарым жыл бұрын жауып, қаржыны тек қоғамдық көлікті дамытуға бағыттадық," – деді министр.