Иран соты Нобель сыйлығының лауреаты Наргис Мохаммадиге жаңа үкім шығарды

926
Adyrna.kz Telegram
Фото: Reuters
Фото: Reuters

Тегеран соты ирандық құқық қорғаушы, 2023 жылғы Нобель бейбітшілік сыйлығының лауреаты Наргис Мохаммадиді қосымша алты айға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Бұл туралы оның күйеуі Таги Рахмани әлеуметтік желіде жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

Жаңа үкім Мохаммадидің ұзақ уақыт жазасын өтеп жатқан түрмедегі қызметіне қатысты. Оған және тағы төрт тұтқынға өлім жазасына қарсы мәлімдеме жариялағаны және отырыс ұйымдастырғаны үшін исламдық жүйеге қарсы үгіт-насихат жүргізді деген айып тағылды. Сот өткен сенбіде өтті.

«Бостандық Наргис» халықаралық коалициясы сот үкімін айыптап, оны Мохаммадидің аузын жабу әрекеті деп атады. Құқық қорғаушының өзі бұл шешімге бағынбайтынын, қызметін жалғастыратынын мәлімдеді.

Наргис Мохаммади 2021 жылдан бері түрмеде отыр және адам құқықтары саласындағы қызметі үшін қосымша жазаға тартылған. Ол бұрын бас бостандығынан айыру жазасына кесілген.

Мохаммади бұған дейін адам құқықтарын қорғағаны үшін 13 рет қамауға алынып, 9 рет сотталған және барлығы 36 жылдан астам бас бостандығынан айырылған.

Халықаралық қауымдастық Мохаммадидің Ирандағы адам құқықтары жөніндегі жұмысының маңыздылығын атап өтіп, оны босатуды талап етуді жалғастыруда.

Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығы ирандық құқық қорғаушы Наргис Мохаммадиге 2023 жылдың қазан айында «Ирандағы әйелдерге қысым көрсетуге қарсы күресі және баршаға арналған адам құқығы мен бостандығын ілгерілету жолындағы күресі үшін» берілді. Норвегиялық Нобель комитеті Мохаммадидің ондаған жылдар бойы әйелдер құқықтарын қорғауын, оның Иран түрмелеріндегі өлім жазасы мен азаптауларға қарсы науқандарын және Махса Амини қайтыс болғаннан кейін басталған 2022 жылғы наразылықтардағы рөлін атап өтті.

Марапаттау кезінде 51 жастағы Мохаммади Тегерандағы Эвин түрмесінде қамауда болды. Ол қамауға алынғанына және жалпы 31 жылға сотталғанына қарамастан адам құқықтарын қорғау жұмысын жалғастыруда.

Пікірлер