«Алашорда ісі. 1920-1940 жж. Құжаттар мен материалдар». Алашқа қатысты  деректер жарияланды

1273
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағатында «Алашорда ісі» деп аталатын 12 томдық зерттеу еңбегінің алғашқы 6 томы көпшілікке таныстырылды.

Бұл еңбек ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерттеуге арналған және бұған дейін ғылыми айналымға түспеген құнды деректерді қамтиды. Таныстырылым барысында жоба жетекшісі, тарихшы ғалым Мәмбет Қойгелді мен Қазақстан Республикасы Президенті архиві ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығының басшысы, профессор Гүлшат Нұрымбетова көптомдықтың маңыздылығын атап өтті.

Гүлшат Нұрымбетова өз сөзінде 12 томдықтың қалған бөлігінің де жақын арада жарық көретінін хабарлады.

«Құжаттарды іріктеудің өзі күрделі мәселе. Жинаққа енген құжаттарды құпиясыздандыру жұмыстарын да жүргіздік. Ең алдымен құпиясыздандырылды, содан кейін ғана ғылыми айналымға енгізу ұсынылды. Еңбекте Алаш қайраткерлерінің қуғын-сүргінге ұшыраған алғашқы жылдарынан бастап барлық құжат қамтылды. Бұл құжаттарды жариялауды жаңалық десе де болады. Бұған дейін мұндай тақырыппен құжаттар топтастырылып берілмеген. Әр том кіріспемен басталады. Қазіргі таңда 6 томдық жарық көрді. Осы жылдың аяғына дейін толық 12 том шығады. 12 томның әрқайсысы 2 мың тиражбен таралады. Әр том 500 беттен асады. 12 томдық кітапты бір жылда шығару көп жұмысты талап етті», – деді Гүлшат Рамазанқызы. Алаш қозғалысына қатысты бұған дейін де құжаттар жарияланған.

Еңбекке енген құжаттардың арасында бұрын жарияланбаған тың деректер мен фотосуреттер бар екенін айтып, бұл зерттеу Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтауға бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті.

«Біз екі жылдың ішінде ІІМ, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы архивінде сақталған құжаттарды өз қоймамызға орналастырдық. Кез келген архивтердің міндеті - құжаттарды ғылыми айналымға енгізу.

Жобаның ғылыми жетекшісі – Мәмбет Қойгелді. Бұл тақырыпқа бүкіл өмірін арнаған ғалымымыз.Жұмыс тобына 35 адам енді. Оның ішінде 6 ғылым докторы, 8 ғылым кандидаты және белгілі археографтар осы жұмысқа тартылды. Бұл үлкен жұмыстың нәтижесін күннен-күнге күтудеміз», - деді Гүлшат Рамазанқызы.

Одан бөлек, 12 томдық еңбектің алдағы томдарында қандай мәселелер көрсетілетіні де баяндалды.

«Алғашқы төрт томдық Алаш қайраткерлерінің қуғын-сүргінге алғаш ұшыраған кезеңдеріндегі құжаттар енгізілді. Ал бесінші және алтыншы томға 1937-1938 жылғы құұжаттар бекітілді. Осы Алашорда үкіметі жақтастарының құжаттары бесінші мен алтыншы томға енді. Ал енді жетінші томда жер мәселесіне қатысты туындаған пікірталастар, сегізінші том әулеттерге жасалған қиянаттар, мәселелердің шешімі, алғашқы геологтардың қудалануы жинақталған. Тоғызыншы том Алашордадағы дәулеттілерге қатысты, оныншы том дін басылары туралы, сот операция, Ишандар институтының жойылуы болған. Он бірінші том «Халық көтерілістеріне» арналған», - деді Гүлзат Рамазанқызы.

Мәмбет Қойгелді Алаш қозғалысын қазақ жеріндегі алғашқы ұлт-азаттық қозғалыс деп сипаттап, Алашорда жетекшілерінің Кеңес үкіметі тарапынан қуғын-сүргінге ұшырағанын айтты. Тарихшы бұл еңбектің маңызын, Алаш қайраткерлерінің асыл мұраттары бүгінгі ұрпаққа рухани күш беретінін ерекше атап өтті.

«Кітапта жарияланған құжаттардың барлығы Ұлт азаттық қозғалыстың болғанына дәлел. Мұнда өте маңызды материалдар бар. Олардың барлығы осы уақытқа дейін жасырын архивте жатып, енді жарыққа шығып жатыр. Ол ұлттық мүддеге, ұлтқа жұмыс істеуі тиіс. Архивті сарғайған, иісі шыққан қағаз деп ойламау керек. Алаш зиялыларына қатысты құжаттардың архивте жатқаны жөн емес. Ұлт азаттық көтерілісіне қатысты басылым бұған дейін жарық көрмеген. Бұған мемлекет қолдау көрсетіп отыр. Сондықтан мемлекетке, Президентке және осы жұмысқа тікелей басшылық жасаған Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринге рахмет айтамыз», – деді Мәмбет Қойгелдиев.

Жалпы алғанда, көптомдыққа 3 мыңға жуық жаңа құжаттар енгізілген. Бұл құжаттар Алаш қозғалысының саяси маңызын дәлелдей отырып, тоталитарлық кезеңнің тарихи әділетсіздіктерін қалпына келтіруде маңызды рөл атқарады. Жинақталған құжаттар арасында әміршіл-әкімшіл жүйе құрбандарына айналған діни және дәулетті адамдар туралы тың деректер де бар.

Бұл зерттеу жұмыстары үш жылдан астам уақыт бойы жүргізіліп, Қазақстанның әр аймағынан қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғалардың тізімдері жасалған. Мемлекеттік деңгейде қолға алынған бұл жобаға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен және Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің жетекшілігімен үлкен мән беріліп, тоталитарлық кезеңнің зардаптарын жоюға арналған зерттеулер жалғасуда.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер