«Әрбір дауыс әділ саналуы тиіс!»

842
Adyrna.kz Telegram

Енді санаулы күндерден соң Қазақстан қоғамы назарындағы маңызды саяси оқиға – АЭС құрылысы бойынша жалпыхалықтық референдум өтеді. Елдегі сайлау учаскелерінде қызу дайындық жұмыстары жүріп жатыр.

ҚР Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, осы жолғы референдумға 177 халықаралық байқаушы ресми тіркеуден өткен. Олардың 30-ы шет мемлекеттің, оның ішінде 4-еуі ірі халықаралық ұйымның өкілдері. Жалпы алғанда, республикалық референдумды өткізу байқауына 30 шет мемлекеттің өкілдері қатысады.

Сонымен қатар, оншақты қазақстандық тәуелсіз бақылаушы ұйымдар ҚР Орталық сайлау комиссиясына тіркеліп, алдағы саяси науқанда бақылаушылық жасамақ. Сондай бақылаушылар тобының бірі - саясаттанушы Нұрболат Нышанбай бастаған «Бақылау қырандары».

«Бақылау қырандары» тәуелсіз бақылаушылар тобы қыркүйектің басында құрылды. Бақылаушыларды оқыту курстары қыркүйек айында бірнеше аймақтарда және ірі қалаларда жүргізілді.

«Бір ай бұрын әлеуметтік желіде бақылаушылық топ құру туралы бастама көтердім. Нәтижесінде саясаттанушы әріптестерімнен қолдау тауып, соңғы төрт аптада «Бақылау қырандары» тобы қалыптасты. Біздің басты мақсатымыз республика бойынша референдум барысын бақылау. Біздің ұстанымымыз – әрбір дауыс әділ саналуы тиіс! Сол үшін де біздің бақылаушыларымыз референдум күні еліміздің бірқатар өңірінде сайлау учаскелерінде заң ережелерінің сақталып жатқанына көз жеткізіп, бақылайтын болады. Біздің өкілдеріміз сайлау учаскелерінде таңнан кешке дейін қырағылық танытып, азаматтық борышын өтейтін болады», - дейді Нұрболат Нышанбай.

Пікірлер