АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб: Атом қуаты ел игілігіне қызмет етуге тиіс

838
Adyrna.kz Telegram

Әне-міне дегенше референдум күні таяп қалды. Қазанның алғашқы жексенбісінде ел болашағы үшін маңызды шешім қабылданады. Осыған дейін үш референдум өткізген Қазақстанда бұл жолы экономикалық дамуға тікелей әсер ететін еліміздің энергетикалық болашағы айқындалмақ.

«Біз маңызды стратегиялық мәселелерге қатысты түпкі шешімді референдум арқылы қабылдауымыз қажет. Бұл – 2019 жылы сайлау алдында менің халыққа берген уәдем», - деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік қызметінің алғашқы күндерінен бастап-ақ қоғамның өзін-өзі ұйымдастыру тетіктерін белсенді түрде ілгерілетіп келеді. Президент осы ұстанымын биылғы Жолдауында тағы да растап, АЭС салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдау қажет екенін айтты.

Мәселенің маңыздылығын ескерген еліміздегі беделді саяси және қоғамдық ұйымдар АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабқа бірікті. Олар жұртшылықты АЭС салу жөніндегі прогрессивті идея төңірегінде топтастыруды мақсат етіп, еліміздің түкпір-түкпірінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Халықтық штабтың алғашқы отырысында Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов бүгінде энергетикалық тәуелсіздік мәселесі күн тәртібінде алғашқы орынға шыққанын атап өтті.

«Біздің әрқайсымыз балаларымыздың қуатты және ешкімге мұқтаж болмайтындай тәуелсіз мемлекетте өмір сүргенін қалаймыз. АЭС салу туралы шешімді қабылдай отырып, біз осы асқақ арманымызға қарай қадам жасаймыз. Біз елдің энергетикалық тәуелсіздігін шегелеп бекітеміз. Болашақ ұрпаққа энергетикалық тұрғыдан тәуелсіз, яғни экономикасы тұрақты және өркендеген Қазақстанды мұра етіп қалдырамыз», - деді ол.

Қазір ел аумағында атом энергетикасы мәселелері бойынша ауқымды қоғамдық тыңдаулар өтіп жатыр. Экономиканы дамытып, бірқатар экологиялық мәселені шешу үшін тұрақты және қауіпсіз энергия көзі қажет екені жұртшылыққа кеңінен түсіндірілуде. Соның арқасында қазір қоғамда АЭС салуды қолдаушылар қатары көбейген. Бұл сөзімізге  елімізде жүргізілген әлеуметтік зерттеулер дәлел бола алады. «AMANAT» партиясының Қоғамдық саясат институты жүргізген әлеуметтік сауалнама нәтижесі бойынша респонденттердің 59,3%-ы Қазақстанда АЭС салуды қолдайды.

Республикалық Халықтық штаб өкілдері осыған дейін Түркістан, Қарағанды, Жамбыл, Ұлытау, Алматы, Атырау, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстарына және Алматы мен Шымкент қалаларына арнайы барды. Олар қалалар мен облыс орталықтарына ғана емес, шалғай елді мекендерді де аралап, еңбек ұжымдарымен, өңірдегі белсенді азаматтармен және жалпы жұртшылықпен ашық диалог жүргізуде.

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған депутаттар, сарапшылар және қоғам қайраткерлері Павлодар, Ақсу қалаларында болып, энергетикалық корпорацияның ұжымымен, металлургия саласында еңбек ететін мамандармен, өңірдегі сарапшылар қауымдастығымен және жастармен жүздесті.

«Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайту жолында өз атом электр стансасын салу мәселесі өте өзекті. Мұндай жоба мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ еліміздің электр энергиясының импортына тәуелділікті азайту бағытына да мультипликативті әсер етеді. Мұндай қадам жоғары білікті мамандар даярлауға, Қазақстан экономикасының инновация мен ғылымды қажет етуін арттыруға да тың серпін беретіні анық», – деген Мәулен Әшімбаев кездесуге қатысушыларды Мемлекет басшысының АЭС салу туралы бастамасын қолдауға, сол арқылы елдің дамуына өз үлестерін қосуға шақырды.

Сонымен қатар, құрамында Б.Ізмұхамбетов, С.Имашева, Н.Сәрсенғалиев, Е.Саиров сияқты бірқатар халық қалаулысы мен ядролық энергетика саласының сарапшылары бар Халықтық штабтың тағы бір тобы Батыс Қазақстан облысына барды. Олар Орал қаласында этномәдени бірлестіктердің, өндіріс орындарының жұмысшыларымен және аймақтағы волонтерлармен кездесіп, АЭС-тің елге берер игілігін, оның қосалқы салаларды дамыту перспективалары мен қауіпсіздік жүйесінің артықшылықтарын талқылады.

Жалпы штаб мүшелері кездесулерде жалпыұлттық референдум елдің дамуы жолында шешуші мәнге ие екенін, осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізі қаланатынын жан-жақты түсіндіруде. Бұл істен жастар да тыс қалған жоқ. «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері «Есіктен-есікке» акциясы аясында ел аумағында ақпараттық үгіт материалдарын тарату және жапсырудан бөлек, канвассинг бейресми кездесулер өткізуге атсалысып жатыр. Сондай-ақ, олар әлеуметтік желілерде #ҚазақстанғаҚуатБер челленджін бастады.

Қазіргі таңда АЭС-ке қатысты түрлі «аңыз» бен қауесетке ермей, ғылыми дәлелденген және сенімді ақпарат көзін пайдалану өте маңызды. Сондықтан да Халықтық штаб елімізде 6 қазанда өтетін референдумға арналған https://aes2024.kz бірыңғай ақпараттық сайтын іске қосты. Мұнда саладағы соңғы жаңалықтар мен жүргізілген әлеуметтік сауалнамалардың қорытындылары, өзге елдердің тәжірибелері, сарапшылардың пікірлері сияқты және т.б. мол ақпаратпен танысуға болады. Сондай-ақ, барлық әлеуметтік желіде АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтың штабтың парақшалары жұмыс істеп тұр. YouTube арнасына, Instagram, Facebook, TikTok парақшаларына және Telegram арнасына жазылып алыңыз.

Батыл шешімдер уақыты!

Дайындаған: Nur Media ЖШС.

Тапсырыс беруші: М.Оспанов

«AMANAT» партиясы қоғамдық

бірлестігінің қаражаты есебінен төленді

Пікірлер