Қайыңдыда мәдениет үйі пайдалануға берілді

1252
Adyrna.kz Telegram

Қазталов ауданының орталығына қашық орналасқан Қайыңды ауылында мәдениет үйінің ғимараты пайдалануға берілді. Мәдениет үйінің жалпы ауданы 3600 шаршы метрді құрайды. Осы уақытқа дейін аудан әкімінің халықпен кездесуінде қайыңдылықтар ауылға жаңа мәдениет үйінің қажет екендігі жөнінде мәселені жиі көтеріп жүрді.  Халықтың талап-тілегі орындалып, заман талабына сай рухани орда есігін айқара ашты.

Мәдениет үйінің ашылу салтанатына қатысқан өңір басшысы  Нариман Төреғалиұлы ауыл халқын жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

— Облысымызда бірқатар инфрақұрылымдық жобалар мен мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асуда. Облыс орталығы мен аудандарда білім ордалары мен мәдениет үйлерінің құрылыстары жүргізілуде. Қайыңды ауылындағы мәдениет үйінің жобасын өзге де ауылдар мен елді мекендерде жүзеге асырамыз. Алдағы уақытта Казталов-Қайыңды бағытындағы жол құрылысы мәселесін де қарастыратын боламыз. Мәдениет үйінен елге белгілі өнер майталмандары қанат қағады деген сенімдемін, — деді облыс әкімі.

«Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған мәдениет ошағының құрылыс жұмыстарын «Дарен Строй Сервис» ЖШС жүргізді. 150 орындық көрермен залы, ауылдық кітапхана орналасқан ғимаратта 5 адам жұмыспен қастылып отыр. Қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмай, ішкі және сыртқы бейнебақылау камералары орнатылған.

Нысанның салтанатты ашылуында сөз алған ауыл тұрғыны, сала ардагері Тоқжан Ораз жергілікті атқарушы органдарға халық атынан алғысын айтты.

— Бүгін ауылымызда көптен күткен қуаныш. Ақ түйенің қарны жарылып, мәдениет үйі халыққа есігін айқара ашқалы отыр. «Көп тілегі көл» дейді дана халқымыз. Ауылға мәдениет үйінің қажет екені жиі көтеріліп жүрген мәселе еді. Бүгін жаңа мәдениет ошағының ашылу салтанатына куә болып отырмыз. Президентіміздің әр бастамасын мұқият қарап отырамыз. Соңғы жолдауында атап өткен елімізді дамытудағы бастамаларын толығымен қолдаймыз. Атом электр станциясын салу тәуелсіз мемлекет ретінде дамудың бірден бір жолы деп білеміз. Ауылымызда мәдениет ошағы бой көтеріп жаңа тұрғын үйлер салынуда, алдағы уақытта ауылдың ішкі жолдары да жөнделетін болады. Халықтың үніне құлақ түрген жергілікті атқарушы органдарға ауыл халқы атынан алғысымды білдіремін! Ұлтымыздың рухына қалқан болар мәдениетіміз асқақтай берсін,  — деген ауыл тұрғыны облыс басшылығына Казталов ауылына қатынайтын тіке жолдың салынуына ықпал етуін сұрады.

Мәдениет ошағының лентасын облыс әкімі Нариман Төреғалиев, аудандық мәслихат төрағасы Сәрсенбай Молдашев, мәдениет саласының ардагері Сансызбай Нәбиев қиды. Жаңа мәдениет ошағына облыс әкімінің атынан 3 кондиционердің сертификаты табысталды.

Пікірлер