АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб аймақтарда тұрғындармен кездесулер өткізуді жалғастыруда. Штаб мүшелері Ұлытау облысының тұрғындарымен атом электр станциясының болашағын талқылады.
Жезқазған қаласында Халықтық штабтың мүшелері өңір тұрғындарымен кездесу өткізді, оған 300-ге жуық адам қатысты. Кездесуде өңір экономикасының дамуы және атом энергетикасының экологиялық жағдайды жақсартудағы рөлі сөз болды.
Өнеркәсібі дамыған Ұлытау облысы көптеген экологиялық мәселелерге тап болуда. Штаб мүшелерінің айтуынша, атом энергетикасына көшу ауаның ластану проблемасын шешудің тиімді тәсілі бола алады, өйткені АЭС – көмір электр станцияларына қарағанда әлдеқайда экологиялық тұрғыда таза. «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібектің айтуынша, АЭС – бұл энергетикалық тәуелсіздік пен қауіпсіздіктің кепілі.
«Қазіргідей әлемде ресурстарға, энергияға бәсеке күшейген уақытта елдің энергетикалық тәуелсіздігі, энергетикалық қауіпсіздігі бірінші орынға шығып отыр. Мұндай жағдайда, орынсыз үрей мен жөнсіз популизмнің жетегіне еріп, АЭС-ке қарсылық таныту ел болашағына жасалған қиянат болар еді.
Сондықтан, Қазақстанда АЭС салу – өмірлік мәселе екенін баршамыз ұғынуымыз қажет. Біз осындай тағдырлы мәселелерді келер ұрпақтың мойнына артып кетпей, дәл бүгін батыл, дұрыс шешім қабылдауға тиіспіз. Ұлытау тұрғындарын бірігіп, ұлт болашағы үшін АЭС құрылысына қолдау білдіруге шақырамын!», – деді ол.