Бұл туралы толық мәліметті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі берді.
Әлеуметтік кодекстің 197-бабына сәйкес, жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшерін жыл сайын арттыру республикалық бюджет туралы заңда жылына белгіленген тиісті қаржы мөлшерінде жүзеге асырылады.
"2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасына сәйкес, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап жасына және еңбек сіңірген жылдарына байланысты зейнетақы төлемдерін 8,5 пайызға арттыру жоспарланған; базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты артатын болады.
Алдағы өсім барлық 2,4 миллион зейнеткерге қатысты болатыны да хабарланды.
"2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы шеңберінде 2025 жылы зейнетақы төлемдеріне 4 231,3 миллиард теңге, оның ішінде жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдеріне – 2 867,7 миллиард теңге, базалық зейнетақыға – 1 363,6 миллиард теңге көзделген", - деп толықтырды министрлік.