Азат Перуашев орынбасарының ұсталғанын растады

990
Adyrna.kz Telegram
Фото:parlam.kz, akzhol.kz
Фото:parlam.kz, akzhol.kz

Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясының жетекшісі Азат Перуашев партия төрағасының орынбасары Дмитрий Васильевтің ұсталуына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Депутат қамауға алынғаны туралы ақпаратты кеше ғана білгенін айтты.

"10 қыркүйекте Васильевтің ұсталғаны туралы ресми жауап алдық. Бізге оның адвокаттарының байланыс деректерін берді, бірақ біз әлі олармен байланысқа шыға алмай отырмыз. Жағдайдың анық-қанығына тек сол адвокаттармен сөйлескеннен кейін ғана жете аламыз. Ал әзірге Васильевтің қандай бап бойынша ұсталғаны нақты белгісіз", - деді Перуашев.

Партия төрағасы ресми хат-хабарлардан әлдебір ақпарат тарап кетіп, соған байланысты Ұлттық гвардияның лауазымды тұлғасына «пара алды» деген айып тағылып отыруы мүмкін деген болжам айтты.

"Бұл жерде әңгіме нақты не туралы екенін түсініп алу керек. Қылмыстық кодекстің 367-бабына сәйкес, пара беруге мәжбүр болған тұлға қылмыскер болып саналмайды. Сондықтан пара беруді немесе алуды кім бастағанын түсіну керек, Васильев пе, әлде ол бопсалаудың құрбаны болды ма?" - дейді Перуашев.

Қоса кетейік, соңғы кезде «Ақ жол» партиясына қатысты түрлі оқиғалар болып жатыр. Жақында ғана партия төрағасы Азат Перуашев депутаттық мандатынан айырылған Асқар Садықовты Парламентте істейтін әйелге жыныстық бопса жасаған деп айыптаған болатын. Енді өзінің орынбасары ұсталды. Асқар Садықов та үнсіз қалмай, «Азат Перуашев өзінің орынбасарының Ұлттық гвардияның генералына пара бергені туралы ақпаратты жасырып қалғысы келіп, ақпарат ауанын маған бұруға тырысқан сияқты» деген ойын айтты.

Пікірлер