Биыл наурыз айының соңында жас суретшілердің «Ұлы дала ұрпағы» республикалық байқауы Түркістанда ұйымдастырылған болатын. «Атадан –мұра» қоғамдық қорының бастамасымен өткен аталмыш сайыста бүлдіршіндердің, мектеп оқушылары мен жасөспірімдердің шеберліктері шыңдалды.
Байқау барысында Сайрам ауданындағы М.Оразалиев атындағы №41 мектебінің 9-сынып оқушысы Кәусар Нұрланқызы «Бейнелеу өнері» номинациясымен марапатталып, Астанада өткен «Атадан – мұра» қорының республикалық байқауларының суперфиналына, одан кейін Түркия еліндегі халықаралық байқауға жолдаманы жеңіп алған еді.
Міне, арада бір ай өткенде Каусар Нұрланқызының жарыс жолы Түркия мемлекетінің Ыстамбұл қаласында жалғасты. Әлемнің күллі елдерінен қатысқан қылқалам шеберлері сайысында оның салған суреті үздік саналды. Нәтижесінде «Дарынды жұлдыздар» балалар мен жасөспірімдер орталығының ұйымдастыруымен өткен «Ipek yolu» халықаралық балалар фестивалінде бас жүлдені жеңіп алды.