Шелектен шыққан шу. Бір топ мұғалімнің арасынан екі-үшеуінің кешірім сұраған видеосы тарады

5802
Adyrna.kz Telegram
фото: видеодан алынды
фото: видеодан алынды

Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Шелек ауылының мұғалімдері көтерген мәселеге қатысты тың ақпарат тарады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Жұмыссыз қалу қаупін айтып, жан-айқайларын жеткізген Шелек ауылындағы Әлия Молдағұлова атындағы орта мектептің бір топ ұжымының арасынан екі-үшеуінің, мәселе көтеріп, үндеу жолдағаны үшін кешірім сұраған бейнелері тарады. Кадрларда бір мұғалім мен екі оқу ісінің орынбасары ашуға беріліп, жалған ақпаратқа еріп, асығыс үндеу жолдағандарын айтады. Алайда көпшілік видеодағы ұстаздардың сөзіне сенбей, мұғалімдерді мәжбүрлі түрде кешірім сұратқызған деген пікір жаудыруда.

Еңбекшіқазақ ауданы білім бөлімі басқармасы желіге жүктелген видеоның астына мұғалімдерге түсіндірме жұмыстары жүргізілді, жұмыссыздық қаупі сейілді деп жауап қалдырған болатын. Дегенмен, сағат санының келісімді түрде әлі де реттелмегені, шара қолданылмағаны айтылуда.

"Шелек ауылындағы Әлия Молдағұлова атындағы орта мектеп мұғалімдерінің өтінішімен Алматы облысы Еңбекшіқазақ аудандық білім бөлімінің басшысымен кездесу өтті. Кездесу барысында ұстаздар қауымы ағымдағы жағдай және бейнеүндеуде айтылған мәселелер бойынша түсініктеме алды.
Білім бөлімінің басшысы, бүгінгі күнге дейін Ә.Молдағұлова атындағы орта мектептен 279 оқушы мен 12 мұғалімнің жаңа мектепке ауысқанын және мұғалімдердің жұмыс уақытының қысқару қаупі жоқ екенін атап өтті. Бүгінгі таңда Ә.Молдағұлова атындағы орта мектепте 543 оқушы білім алуда. Алдағы уақытта да, аталған мектептің оқушылары жаңа мектепке ауысқан жағдайда, мұғалімдер жұмыспен қамтылатын болады.
Қазіргі уақытта мектептегі оқу үрдісі бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде" делінген ресми мәлімдемеде.

Еске сала кетейік, кеше 4 қыркүйек күні Шелек ауылында жаңадан салынған Әбдуәли Қайдар атындағы орта мектептің ашылуына байланысты Әлия Молдағұлова атындағы орта мектеп ұстаздары сағат санының азаюын айтып, жарты ұжымның жұмыссыз қалу мәселесін көтеріп, мемлекет басшысына үндеу жолдаған болатын. Алайда, артынша желіге жүктелген видеоның облыстық білім басқармасының қысымымен өшірілгені айтылды.

 

Пікірлер