Министр Жаслан Мәдиев Дуровқа қолдау білдірді

946
Adyrna.kz Telegram

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Қазақстан Журналистер Одағынан кейін Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуровты қолдады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

“Мен Павел Дуровқа және Telegram командасына соңғы оқиғаларға байланысты қолдауымды білдіргім келеді. Сенбі күні Павелдің француз билігімен контент модерациясының жоқтығы және құқық қорғау органдарымен ынтымақтастықтан бас тартқаны үшін ұсталғаны хабарланды” деп жазды ол Facebook парақшасында.

Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің атынан министр Telegram командасымен өзара әрекеттесуде оң тәжірибе жинақтағанын атап өтті.

“ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі атынан Telegram командасымен өзара әрекеттесудің оң тәжірибесі қалыптасқанын атап өткім келеді. Біз дербес деректердің таралуын, есірткі трафигімен күрес және мессенджердегі басқа да заңсыз әрекеттерді тоқтату бойынша мәселелерді бірнеше рет сәтті әрі жедел шештік. Telegram командасы әрдайым азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ынтымақтастыққа дайын, құпиялылық пен сөз бостандығын қорғау қағидаттарына адал болып келеді” деп қосты ол.

Сондай-ақ, ол Телеграм қосымшасының Қазақстанда танымал желі екенін атап өтті.

“Қазақстанда Telegram – ең танымал мессенджер, оны 12 миллионнан астам адам пайдаланады, бұл оның қоғамымыз үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Біз цифрлық кеңістікте қауіпсіздік пен еркіндік арасындағы тепе-теңдікті сақтаудың маңыздылығын түсінеміз және Telegram-мен конструктивті ынтымақтастықты жалғастыруға дайынбыз” деді Жаслан Мәдиев.

Сонымен бірге ол Дуровтың командасына балалардың дамуына шынайы қызығушылық танытқаны үшін алғысын білдірді.

“Сонымен қатар, Павел Дуров Қазақстанға өткен сапарында қазақстандық ауыл балаларына қолдау көрсетуге бағытталған «IQanat» жобасының қамқоршыларының бірі болып, $365 000 сомасына 12 грант бөлді. Ол тек қаржы бөлумен шектелмей, оқу процесін зерттеуге, балаларды іріктеуге, олардың өмірбаяны мен мектептегі үлгерімін зерделеуге тікелей қатысты” деп жазды Мәдиев.

Еске сала кетейік, 24 тамызда Дуров Францияның Ле Бурже әуежайында ұсталған болатын.

Пікірлер