«Абайтануда бүкіл қазақтың тарихы, түркі кезеңінің мәдениеті қозғалады»

1728
Adyrna.kz Telegram
фото: коллаж adyrna.kz
фото: коллаж adyrna.kz

Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының мұрасын зерттеу және оның оқытылуы туралы университет оқытушысының түйгендері.

Абай мұралары тереңірек зерттеле бастағаннан бері жоғары оқу орындарында абайтанудың арнайы курсы мен семинар сабақтар өткізіліп бастады. Дегенмен, бұл пәнге жастардың қызығушылығы қандай? Жас ұрпаққа ақын мұрасы қалай насихатталуда? Бұл туралы Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетінің Абайтану ғылыми зерттеу орталығында 8 жылдай қызмет еткен ұстаз Гаухар Абдуғаппарқызынан сұрап білдік.

- Гаухар ханым, Абайтану пәнінен жоғары оқуорындарында 8 жыл білім бердіңіз. Абай іліміне қызығушылығыңыз қалай басталды?

- Мен Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетінің Абайтану ғылыми зерттеу орталығында 8 жыл жұмыс  істедім.  Ал жалпы білім беріп келе жатқаныма - 24 жыл.

Абай іліміне қызығушылығым студенттік жылдан басталды. Белгілі абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлынан Абай мұрасы жөнінде бірнеше жыл дәріс тыңдап, абайтанудан алшақ кете алмадым. Кейін Мекемтас Мырзахметұлының шәкірттері Жамал Шойынбет, Мақсат Әліпхан ағайларымыздың еңбектерін оқып, дәрістерін тыңдадық. Тіпті, олармен қатар жүріп бір қызметте де болдық. Маған Абай ілімі, оның философиясы маған ерекше ұнайды. Оған Абай Құнанбайұлының еңбектерінен бөлек, осы ұстаздарым  да әсер ете алды.

Мекемтас Мырзахметұлының абайтану саласында жазған ғылыми зерттеулері мен еңбектерін үнемі күнделікті тіршілікте, сабақта да қолдандым. Абайтану саласын тереңінен зерттеп, қарастырып, үнемі ізденісте болдым.

«АБАЙ ІЛІМІ ӨЗ ДЕҢГЕЙІНДЕ ДӘРІПТЕЛМЕДІ»

- Бүгінде Абайтануға қызығатын жастар көп пе?

- Абайтануға қызығатын жастар жоқ десем де, көп десем де қисынға келмейді. Мекемтас Мырзахметұлының үлкен еңбегінің арқасында көптеген жоғарғы оқу орындарында абайтану пәні дәріс болып енді. Бұл - өте үлкен еңбек.

Абайтануды оқытқанда, тек Абай Құнанбайұлының өмірі, еңбек жолы, шығармалары айтылмайды. Онда бүкіл қазақтыңтарихы, әдебиеті, мәдениеті, сонау түркі дүниесі кезінен Яссауи,  әл-Фарабимен байланыстырып тереңінен қозғалады. Сондықтан Абай іліміне үңілген әрбір жас абайтануға қызықпай қоймайды.

Студенттер бұрын естімеген, көп айтыла бермейтін жаңа тың деректерді естіген кезде таңғалып та, қызығып та жатады. Сөйтіп жадырап, өздерінің ойларын айтып, нақты берілген әдебиеттерді оқып келіп, одан үлкен ерекше қуанышпен келіп сабағын айтады. Әрине, жастар жаңалықты жүрегімен қабылдайды.

Ал абайтануға қызығатын жастардың көп болмауы осы Абайдың бүкіл ғұмыры, философиялық терең ойлары, өз деңгейінде, өз дәрежесінде әлі де танылмағандығы болса керек.

Мұхтар Әуезов айтқандай “Абай - үлкен мұхит, біз жай ғана сонын шетін ғана зерттедік”. Абай Құнанбайұлы өз дәрежесінде зерттелмей келе жатыр. Қазіргі жастар Абай Құнанбайұлының атын біледі, ақын екенін біледі. Ал оның философиясына терең үңілмейді.

«АБАЙ МҰРАСЫНДАҒЫ ТЕРМИНДЕР ТОЛЫҚ ТАЛДАНБАДЫ»

- Сіздіңше, Абайдың мұраларын зерттеу мен түсінудегі негізгі қиындықтар қандай?

- Абайды зерттеу Алаш зиялыларынан, кейін Мұхтар Әуезовтен бастау алған.  Олар Абайдың мұралары жөнінде өздерінің теориялық ойларын айтып кеткен. Абайдың өз дәрежесінде түсінуге тырысқан. Жылдар бойы Абай мұрасы зерттеліп келеді. Бірақ алпысыншы жылдардан бері, Мұхтар Әуезов қайтыс болғаннан кейін осы Абай мұрасын зерттеу мәселесіндегі ең үлкен қиындық – Абай мұрасындағы термин сөздердің толық талданбауы. Ақынның еңбектерінде  Рабғузи, Науаи, Яссауи мұраларымен байланысатын көптеген терминдер бар.

Мәселен, назирагөйлік, жауанмәрттілік деген терминдер кездеседі. Бұл сөздер Мақсат Әліпхан, Мекемтас Мырзахметұлының кітаптарын да талданған. Алайда, Абайдың еңбектерін де талданып, түсіндіруді қажет ететін терминдер өте көп.

Абай өзі медреседе оқып, 11 жасынан бастап, парсы, араб тілдерін еркін меңгерген. Ол шығыс әдебиетін тұпнұсқада оқып танысқан. Сондықтан Абайдың еңбектерінде шығыс әдебиетінен алынған терминдер өте көп.

Кезіңде біз патшалық Ресейдің қол астында болдық. Ол кезеңдерде бізге шығыс әлемін айту, діни тақырыпты қозғау мүлдем рұқсат етілмеді. Бізде таза түпнұсқадан иран, парсы, араб тілдерін оқып, танысып, оның терминологиясын түсіндіретін ғалымдар саусақпен санарлықтай аз. Сондықтан бұл кенжелеп тұр.

«ЖАСТАРДЫҢ ЗЕЙІНІН ҰСТАП ҚАЛУ ҚИЫН»

- Абайдың шығармаларын оқыту барысындақандай әдістер мен тәсілдер қолданған дұрысдеп ойлайсыз?

Қазір жастар жаңашылдыққа ұмтылады. Олардың зейінін ұстап қалу қиын. Бір тақырыпты алып, ұзақ уақыт дәрісті оқып беру студенттерді жалықтырады. Сондықтан түрлі жаңаша әдіс-тәсілдерді пайдалануға, заманға сай жаңаша әдістермен де оқытуға болады. Топпен де жұмыс істеуге болады.

Абай - үлкен ғылым. Оның ілімінде шығыс та, батыс та, түркі де, Қазақтың трагедиясы бар, қазақтың орыстануы да, қазақтың көз жасы да бар.  Абайда жүрек мәселесі, жан мен тән мәселесі қозғалады. Абай адамның өмірге келгенімен өмірінің соңына дейінгі өсу процесінің барлығына тоқталады. Сөйтіп барып, жарты адам, жарым адам, толық адам, пенде деп адамның өзін бірнеше терминдерге бөледі. Әрқайсысына түсініктеме береді. Бұлардың әрқайсысы жатқан терең ой. Сондықтан, ең бастысы жастарға Абай мұрасын дұрыс насихаттау қажет. Абайды оқыған адам, өзін таниды, өзін таныған, дами түспек.

Жоғары оқу орындарында студенттергеАбай ілімін оқыту деңгейі қалай? Көңіліңізтола ма?

Абайтану санаулы оқу орындарында ғана оқытылады. Мен барлық университеттерде оқытылу керек деп есептеймін. Кезінде Мұхтар Әуезов, кейін Мекемтас Мырзахметұлы бастап, Абайтануды білім ордаларына пән етіп қосты.

Бұл біз үшін үлкен қуаныш болды.

Қазір мектептерде Абайтануға аз болса да уақыт бөлген. Алайда, одан беретін мұғалімдердің Абай ілімін қаншалықты түсіне алғаны белгісіз. Өздері ұғынбаған мұғалім балаға қалай үйретпек?! Сондықтан әр болашақ педагог оқу орнында абайтануға назар аударғаны жөн.

Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Дана Нұрмұхаммед

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер