«Жылы жүрек қайда бар қозғаларлық?» Абайдың тәтті күйлері

3908
Adyrna.kz Telegram

Абай күйлері туралы шығармашылық ортада болмаса, көп айтыла бермейді. Бұл туралы не білеміз?

Абай әндері мен Абай күйлері туралы айтылса, көбіне әндерін білеміз. Абай күй шығарған.  Оның музыка өнеріне үлес қосуына әйгілі күйші Тәттімбетпен кездесуі себеп болды делінеді. Ақынның әкесі Құнанбай Тәттімбетті бірнеше рет қонақ қылған.

“ТОРЖОРҒА”

Абайдың қазір елге жеткен бес күйі белгілі. Бертінге дейін төрт күйі жайлы айтылатын, кейіннен толыға түскен.

Біріншісі  – “Торжорға”. Деректерге сүйенсек, күйді Ғайса Сармурзин жеткізген. Ол 1923 жылы Оспан деген домбырашыдан үйренген. Ал Оспан Абайдың ауылында жылқышы әрі ақынға атқосшы болған деседі.

Күйдің шығу тарихына келсек, ақынның сүйікті ұлы Әбдірахман Верный, қазіргі Алматы қаласындағы ауруханада жатқан кезінде оны күтуге кенже баласы Мағауияны жібереді. Мағауия Верныйдың базарында Ұлы жүздің Дәт деген адамына кездесіп танысады. Мағауияның Абай баласы екенін білген соң, ол ақынға дұғай сәлем айтып, Торжорға атын сыйға тартады. Соны көрген Абай Торжорғаның құрметіне күй шығарады.

Ал күйді Ғайса Сармурзин1984 жылы теледидардан орындаған. Бұл хабарды ұйымдастырып және оларды алғаш рет нотаға түсірген – күйші, зерттеуші Уәли Бекенов.

МАЙ ТҮНІ”

Абай Құнанбайұлының Ғайса Сармурзин жеткізген тағы бір күйі  – “Май түні”. Оны Сармурзин 1923 жылы Абайдың Ақылбайдан тараған немересі Исрайылдан үйренген екен. Исрайыл атасы Абайдан үйренген.

Жайлаудағы түнгі сауық-сайранда отырып шығарған Абайдың бұл күйі табиғат сұлулығын бейнелеп, терең сезіммен орындалады.

Уәли Бекенов бұл күй туралы былай дейді: “Май түні” күйі негізінен лирикалық әуен – сарынды, өзінің атына лайық, табиғат сұлулығын бейнелейтін, соль–минор тонында орындалатын, екі бөлімді шертпе күй. Мұндағы бес тактіден келетін қысқа қайырымды қайталау иірімдері Абай әндері әуендерін еске түсіреді”.

Айта кетейік,  Ғайса Сармурзиннің  орындауында бүгінгі ұрпаққа жеткен “Май түні” мен “Торжорға” күйлері  қазақ музыка өнерінің алтын қорында сақтаулы.

"ЖЕЛДІРМЕ"

Абайдың жүрек түкпірінен жарып шығып, қос ішекті домбырасынан күмбірлей төгілген күйлерінің бірі - “Желдірме”. Күйді 1977 жылы музыкалық зерттеушісі Қайролла Түсіпұлы Жүзбасов Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауылында тұратын Хамза Демшіновтен жазып, нотаға түсірген.

«Желдірме» – Абайдың домбыраға арналған ән-күйі. Бұл күй алғаш рет Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» деген ән-күй жинағына енгізілген.

МАЙДАҚОҢЫР”

Келесі күй — “Майдақоңыр”. Абайдың бұл күйін бүгінге жеткізген қазіргі Семей облысы Аякөз ауданында тұрған күйші Жүнісбай Стамбайұлы.

Деректерге сүйенсек, 1967 жылы күйші Жүнісбайдың ауылына Алматыдан арнайы келген фольклорлық экспедиция мүшелері  ондаған күйді жазып алған. Сонда ішінде осы “Майдақоңыр” да болған екен. Күйдің аудиожазбасы Құрманғазы атындағы консерваторияның фольклорлық кабинеті мұрағатынан табылған. Сондай-ақ, шұбартаулық домбырашы Жүнісбай Стамбаев деген ақсақалдың орындауында Құрманғазы атындағы консерваторияның фольклорлық зертханасында сақталған.

Күйдің шығу тарихы жөнінде нақтыл дерек жетпеген.

АҚТОЛҚЫН”

Бірнеше жыл бойы Абайдың жоғарыда аталған төрт күйі аталып келді. Соңғы жылдары ақынның бесінші күйі “Ақтолқын” табылғаны жайлы ақпараттар тарады.

Өлкетанушы Қажет Андастың дерегінше, аталған күйдің шығу тарихы жайлы "Шың Жияң" қоғамдық ғылымдар журналының 1995 жылғы №3 санынан жарияланған. Онда 1890 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысына қарасты Көктұма деген жерде өткен үлкен съезд туралы баяндалады.

“Съездге арғын, найман, керей және қызай руларының атқамінерлері  жиналған. Осы съезге қызай руынан шыққан атақты Қоңқай күйші де (1836-1920) қатысады. Сол жолы күйшілер төрт күн бойы күй сайысына түсіп, бақ сынайды. Күй сайысына Абай, Шәкәрім бастаған қасқа-жайсаңдар төрелік етеді. Сайыстың төртінші күні Қоңқай күйші бас бармағы буынынан үзіліп кеткеніне қарамастан, Абайдың бір рет шертіп көрсеткен күйін басқа күйшілер нақышына келтіре алмағанда, төрт саусағымен тартып, елді таңғалдырып, нәтижесінде, бас бәйгені ұтып алады. Күйдің «Ақтолқын» деген атауы сол жолы қойылады.

Кейін бұл күйді Қоңқайдың шәкірті, қызайдан шыққан тағы бір дәулескер күйші Әшім Дөңшеұлы үйреніп, кейінге жалғастырады”- , дейді Қажет Андас.

Ал күйші, өнертану РhD докторы Ардаби Мәулетұлы бұл күйді шерткен Тергеусіз Бәлекейұлы күйшінің баласы Қуанышбайдың аудиожазбасы сақталған дейді.

 

Зерттеушілер,  хакім Абайдың өзінің әндері мен  күйлерін үш ішекті домбырамен жазып, орындағанын айтады.  Әкесінен қалған үш ішекті домбыраны ұлы Ақылбай көзінің қарашығындай сақтап, өзінің баласы Исрайылға мирас еткен. Бұл құнды жәдігер 1981 жылы Семейдегі Абай әдеби мемориал музейінен Қазақ ұлттық аспаптар мұражайына алынған. Содан бері  домбыра мұражайдың алтын қорында сақтаулы тұр.

Абай өзінің бірнеше өлеңінде ән мен күй туралы жазған.

Адам аз мұны біліп ән саларлық,

Тыңдаушы да аз ол әннен бәһра аларлық.

Мұңмен шыққан, оралған тәтті күйге

Жылы жүрек қайда бар қозғаларлық? – дейді Абай.

 

 

Дана Нұрмаханбет

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер