“Олимпиадаға аш бару керек”. Спорт журналисі қазақ боксшыларын сынады

2266
Adyrna.kz Telegram
коллаж: adyrna.kz
коллаж: adyrna.kz

Спорт журналисі Айнат Қабидуллаев Париж Олимпиадасында өнер көрсеткен қазақстандық боксшылар жайлы ойын айтты, деп хабарлайды “Адырна” тілшісі.

Алтынсыз қалған отандық былғары қолғап шеберлерін жұртшылық әлі де қызу талқылауда. Спорт журналисінің айтуынша елімізде ең жақсы жағдай боксшыларға ғана жасалған. Алайда олар бұл жағдайды ақтай алмады дейді:

“Біздің бұрынғы боксшыларымыз лапылдап жанып тұратын. Қазір боксшыларымыз Олимпиадаға атүсті қарайтын болған. Олимпиадаға кетпей тұрып үнемі елде той-томалақтан шықпайды. Соның салдарын көріп отырмыз. Одан бөлек, боксшыларға негізі барлық жағдай жасалған. Оқу-жаттығу жиындары жоғары деңгейде өтеді. Витаминдері де, тамақтары да уақытылы. Психологтармен де жұмыс жасады. Осындай көрсетілген қолдаудан кейін олар кем дегенде бір алтынмен келуге міндетті еді” деді ол.

Сондай-ақ, журналист біздің боксшылардың “тоқ” екенін айтты:

“Спортшы Олимпиадаға аш баруы керек. Біздің боксшылардың жағдайы жақсы. Бәрі тоқ. Қарапайым лицензия алған күннен-ақ аяқтарын жерге тигізбей күтіп алып, қомақты сыйақы алып жатты. Оны берген де дұрыс қой, бірақ Олимпиададан кейін берілсе басқаша болар ма еді” деді Айнат Қабидуллаев.

Одан бөлек финалдық бәсекеде сүрінген Нұрбек Оралбайдың жеңуіне болатынын қосты ол. Журналистің айтуынша, бапкерлер дұрыс тактика ұсынбаған:

“Алғашқы айналымнан ұшып кетіп жатқан боксшыларымызды көріп, күміс алсақ та, алтынмен пара-пар болатынын ұқтық. Нұрбек Оралбай финалға шыққанда қуандық. Десе де, украиндық Хижнякты да жеңуге болатын еді. Оның стилі- тек төмпештеп ұру. Бапкерлер Нұрбекке осы стильге ыңғайлап тактика ұсынғанда алтыннан алқа тағынар ма едік. Бұған бапкерлер кейін өздері қосатынын қосар” деді ол.

Сонымен қатар, төрешілерге шағымданған жұртшылықты сынға алды. Қазақтар жеңілісті қабылдай алмайды деп сөкті ол:

“”Жеңілгеннің сөзі құрысын демекші” төреші кінәлі деп жеңіл құтылуға болмайды. Боксшыларымыздың бәрі таза жеңілді. Мұхаммедсабыр Базарбайұлының ғана жекпе-жегін 50/50 деп бағалауға болады. Бірақ төреші грузин боксшысының қолын көтерді. Ту көтеріп шыққан Асланбек Шымбергеновтың алғашқы айналымнан жеңілуі - ұят нәрсе. Ел еріккеннен ешкімге ту ұстатпайды. Сенім болған еді. Одан кейін жеке бапкерлердің де кінәсі бар. 16 боксшы іріктелсе соның 16-сына да жеке тактикалық дайындық керек еді. Біздікілер бір күн қалғанда қарсыласын біліп, соған ғана дайындық жүргізді. Көп жағдайда сан соғып қалдық” деді журналист.

Пікірлер