Тұрақтылық пен өркендеу: Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынастардың динамикасы

1156
Adyrna.kz Telegram

Жаһандық тұрақсыздық, даулар мен аймақтық өзгерістердің күшеюі аясында Қазақстан мен Өзбекстанның стратегиялық ынтымақтастығы маңызды ғана емес, сонымен қатар өмірлік маңызы бар достықты, қажеттілікті көрсетті. Орталық Азияның осы екі діңгегі далада өскен құдыретті емен ағашындай болып тұр. Оның тамыры берік, уақыт сынағымен тексерілгендіктен бүкіл аймақтың тұрақтылығының, экономикалық өркендеуінің және үйлесімді өзара іс-қимылының іргетасына айнала алды. Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевтің Қазақстанға сапары және оның көмекшісі Саида Мирзиееваның елімізге сапары бауырластық қарым-қатынастың отын жаққан желдей болып, екіжақты байланыстардың кез келген сынаққа төтеп бере алатын ажырамас байланыстарға айланып келе жатқанын көрсетеді.

Бұл мақала Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі тенденциялары мен перспективаларын көрсетуге және оны талдауға бағытталған. Сонымен қатар, бұл шолуда соңғы уақыттарда екі мемлекет арасында жасалған жобалар мен бастамалардың маңыздылығын бағалаймыз және екі ел арасындағы тұрақты даму мен өзара тиімді серіктестікті қамтамасыз ету үшін бұқаралық ақпарат құралдары да, сарапшылар қауымдастығы да назар аударуы тиіс негізгі мәселелерді анықтауға тырысамыз.

  1. Қазақстан мен Өзбекстан қатынастарының тарихи контексі мен дамуы

1.1. Ынтымақтастықтың ретроспективасы

Қазақстан мен Өзбекстан Орталық Азияның жетекші екі мемлекеті ретінде 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан бері ынтымақтастық пен серіктестікке қарай ұзақ және күрделі жолды бастап өткен болатын. Кеңес Одағы таралғаннан кейін екі ел де көптеген қиындықтарға тап болды: егемен мемлекет құру, экономикалық реформалар жүргізу, ішкі және сыртқы саяси дағдарыстар мен тұрақсыздықтарды еңсеру сәттерін өткерді. Осыған қарамастан, Қазақстан мен Өзбекстан тұрақты даму үшін тату көршілік қарым-қатынас пен өңірлік өзара іс-қимылдың маңыздылығын түсіне отырып, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап өзара ынтымақтастық жолдарын сала бастаған болатын.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мемлекеттер ішкі мәселелерді шешуге баса назар аударып, бұл кең ауқымды ынтымақтастықты дамытуды да қиындатты. Дегенімен, 1992 жылдың 23 қарашасында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас басталды. Содан 1998 жылы 31 қазанда екі мемлекет арасында тату көршілік қарым-қатынастарды дамытуға ұмтылыстық символы болған Мәңгілік достық туралы шарқа қол қойылды. Бұл құжат елдер арасындағы байланысты одан әрі нығайтуға негіз болып, тұрақты серіктестік құру жолындағы алғашқы қадам бастады. Сонымен қатар, 2013 жылдың 14 маусымында Қазақстан мен Өзбекстан Республикасы арасындағы негізгі келісімдердің бірі Стратегиялық әріптестік туралы келісімге де қол қойылған болатын.

Қазақстан мен Өзбекстанның экономикалық ынтымақтастығы уақыт өте келе екіжақты қарым-қатынастардың басты бағытына айналды. Сауда, инвестиция және энергетика, көлік және ауыл шаруашылығы сияқты салалардағы бірлескен жобалар екі елдің дамуында маңызды рөл атқарады. Жаңа көлік дәліздерінің, мысалы, Қазақстан – Түркіменстан – Иран халықаралық бағытының ашылуы логистиканы айтарлықтай жақсартып, өзара тиімді серіктестік үшін жаңа мүмкіндіктер туғызды.

Елдер арасындағы өзара құрмет пен бір-бірінің мүдделерін ескеруге негізделген саяси өзара іс-қимыл да нығая түсті. Қазақстан мен Өзбекстан ТМД, ШЫҰ және ҰҚШҰ сияқты халықаралық ұйымдарда белсенді ынтымақтасады, бұл олардың әлемдік аренадағы іс-әрекеттерін үйлестіруге және аймақтық қауіпсіздікті нығайтуға көмектеседі.

Бүгінгі таңда Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы экономикалық ынтымақтастық стратегиялық маңызға ие. Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевтің Қазақстанға сапары көлік, экономика, сауда және экология сияқты перспективалы салалардағы әріптестікті нығайтуға маңызды қадам болып табылады. Бұл сапар тауар айналымын арттырып, бірлескен жобаларға жаңа мүмкіндіктер туғызады деп күтілуде.

1.2. Байланыстарды нығайтудағы көшбасшылардың рөлі

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың дамуы көбінесе олардың бірінші басшылары – Нұрсұлтан Назарбаев пен Ислам Каримовтың көрегендіктері мен күш-жігерлеріне байланысты болды. Екі басшы да өз халықтарының тарихи және мәдени ортақтығын мойындай отырып, екі ел арасындағы ұзақ мерзімді және тұрақты ынтымақтастықтың негізін жасауға ұмтылды.

Қазақстанның президенті болған Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстанмен тығыз ынтымақтастықты нығайтты, аймақтағы халқы ең көп мемлекетпен тұрақты және тату көршілік қарым-қатынас қауіпсіздік пен экономикалық өсуді қамтамасыз етудің кілті екендігін негіз етті. Назарбаев сауда-экономикалық байланыстарды, мәдени алмасуды және бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды дамытуды жақтай отырып, Орталық Азиядағы аймақтық интеграция мен ынтымақтастық идеяларын белсенді түрде алға тартты.

Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Кәрімов та Қазақстанмен екіжақты қарым-қатынасты дамытуға үлкен көңіл бөлді. Ол көршілерімен тығыз қарым-қатынас Өзбекстанның экономикасын нығайтуға және аймақтық маңыздылығын арттыруға көмектесетінін түсінді. Оның жетекшілігімен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудың іргетасы қаланды, энергетика және көлік салаларында бірлескен жобалар қолға алынды.

Назарбаев пен Ислам Кәрімов мұрасы бүгінде екіжақты қарым-қатынастарға ықпалын тигізуде. Бұл көшбасшылардың ісін жалғастырушылар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиеев өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту бағытын жалғастырып қана қоймай, оған жаңа серпін беруде.

2016 жылы Өзбекстан президенті қызметіне кіріскен Шавкат Мирзиеев экономиканы либерализациялауға және көршілермен қарым-қатынасты жақсартуға бағытталған ауқымды реформаларға бастамашы болды. Мирзиеев Қазақстанмен байланыстарды жақсарту бойынша белсенді қадамдар жасады, бұл екіжақты тауар айналымының артуына және бірлескен жобалардың жүзеге асуына әкелді.

2019 жылы Қазақстан Президенті болған Қасым-Жомарт Тоқаев та Өзбекстанмен ынтымақтастықты тереңдету бағытын белсенді түрде қолдайды. Тоқаев үлкен дипломатиялық тәжірибесі бар елдер арасындағы саяси және экономикалық байланыстарды дамытуға, Өзбекстанның Орталық Азиядағы негізгі серіктесі ретінде Қазақстанның ұстанымын нығайтуға ықпал етеді.

Қазақстан мен Өзбекстанның көп жылғы бірлескен күш-жігерімен қалыптасқан заманауи қарым-қатынасы прагматикалық көшбасшылық пен ынтымақтастыққа деген өзара ұмтылыс қиындықтарды мүмкіндіктерге айналдыра алатынының үлгісі болды.

  1. Серіктестіктің қазіргі кездегі көрінісі мен Мирзеевтің Қазақстанға сапарында айтылған маңызды бастамаларға шолу

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевтің 2024 жылғы тамызда Қазақстанға сапары екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастағы маңызды оқиға болды. Ол одақтас байланыстарды нығайтып қана қоймай, оларды одан әрі дамытудың жаңа бағыттарын белгіледі. Сапар екі ел басшыларының негізгі салалардағы ынтымақтастықты кеңейту арқылы екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуға деген ынталылығын көрсетті.

Өзбекстан басшысының Қазақстанға сапары кезінде айтылған бастамалар мен жобаларға шолу. Негізгі салалар бойынша қорытындылар:

2.1. Стратегиялық серіктестікті және одақтастықты нығайтуға бағытталған бастамалар:

  • Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президентінің көмекшісі Саида Мирзиеевамен кездесуінде екі ел арасындағы өзара іс-қимылдың одақтастық және стратегиялық сипатына ерекше тоқталды. Ол жоғары деңгейде саяси диалогты тиімді кеңейту үшін президент әкімшілігі арасындағы тығыз байланыстардың маңыздылығын атап өтті.
  • Өзбекстан президентімен шектеулі құрамдағы келіссөздер барысында Тоқаев Мирзиеевтің сапары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастық пен одақтастыққа жаңа серпін беретінін атап өтті. Оның айтуынша, соңғы жылдары елдер арасындағы қарым-қатынас айтарлықтай жақсарды және бұл кездесу оларды нақты мазмұнмен толтыруға мүмкіндік береді.

2.2. Экономикалық ынтымақтастық:

Сапардың ең маңызды бағыты сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылау болды. Президенттер өзара тауар айналымын тез арада 5 миллиард долларға жеткізіп, кейін бұл көрсеткішті екі есеге арттыру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ өнеркәсіптік кооперацияның келешегі, оның ішінде Қазақстан-Өзбекстан шекарасында «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік ынтымақтастық орталығын іске қосу мәселелері талқыланды.

2.3. Мәдени-гуманитарлық, білім саласындағы ынтымақтастық:

  • Сапар барысында мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылға ерекше назар аударылды. Қазақстан Президенті халықтардың мәдени жақындасуына ықпал ететін іс-шаралардың, мысалы, Астанада өткен халықаралық «Заковат» зияткерлік ойындарының маңыздылығына тоқталды.
  • Екі мемлекет басшылары екі ел халықтарының өзара тығыз қарым-қатынасына ықпал ететін білім беру және жастар саясаты саласындағы байланыстарды нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
  • Шыршықта Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің және Алматыда Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институтының филиалдарының ашылуы маңызды оқиға болды. Бұл қадамдар ұзақ мерзімді серіктестіктің негізі болып табылатын ғылым мен білімнің дамуына екі жақты қызығушылықты атап көрсетеді.
  • Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелеріне үлкен көңіл бөлінді. Астанада Әлішер Науаи ескерткішінің ашылуы қазақ пен өзбек халықтары арасындағы бауырластық қарым-қатынастың символына айналды. Қасым-Жомарт Тоқаев Науаи шығармаларының түркі халықтарының ортақ мұрасы екенін және рухани байланыстарды нығайтуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

2.4. Көлік, транзит және су саласындағы ынтымақтастық:

  • Көшбасшылар көліктік-транзиттік ынтымақтастықты нығайтуға негіз болатын тарифтерді оңтайландыру, әкімшілік рәсімдерді жеңілдету және жүктерді жеткізу мерзімдерін қысқарту мәселелерін талқылады.
  • Екі жақ та Орталық Азия өңірі үшін ерекше маңызды болып табылатын трансшекаралық өзендердің су ресурстарын кешенді және ұтымды пайдаланудың маңыздылығын мойындады.
  • Тағы бір маңызды оқиға Қытай – Қазақстан – Өзбекстан бағытында контейнерлік пойыздың ашылуы болды. Трансауған бағытын дамыту жөніндегі келісімдер аясында ұйымдастырылған бұл жоба көлік-логистикалық ынтымақтастықтың өсіп келе жатқан маңыздылығын білдіреді. Екі елдің көлік министрлері жүк тасымалдау көлемінің айтарлықтай өскенін хабарлады, бұл өзара сенім мен тиімді үйлестірудің артқанын көрсетеді.

2.5. Марапаттар және дипломатиялық тану

Сапардың маңызды сәттерінің бірі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шавкат Мирзиеевке «Алтын Қыран» орденін тапсыруы болды. Қазақстанның бұл жоғары мемлекеттік наградасы қазақ-өзбек қатынастарын дамытуға қосқан үлесі үшін берілді. Тоқаев Мирзиеев Қазақстанда халықтар достығын нығайтуға өлшеусіз үлес қосқан көшбасшы ретінде құрметтелетінін атап өтті. Мирзиеев өз кезегінде ризашылығын білдіріп, бұл марапат екі ел арасындағы қарым-қатынастың беріктігі мен сенімділігін білдіретінін баса айтты.

2.6. Қазақстан мен Өзбекстан президенттері БАҚ өкілдері үшін өткізген брифигте айтылған маңызды мәселелер мен ынтымақтастықтың көрінісі

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің келіссөздермен және Жоғары мемлекетаралық кеңестің отырыстарымен ұштасқан Қазақстанға сапары екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі тереңдетуге бағытталған маңызды оқиға болып табылады. Бұл шарада тарихи қалыптасқан бауырластық байланыстардың нығаюына, түрлі саладағы ұзақ мерзімді жобаларды жүзеге асыруға негіз қалауға баса назар аударылды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзара сенім мен қолдау рухында өткен кездесулердің маңыздылығын ерекше атап өтті. Негізгі нәтижелердің бірі алдағы 10 жылға арналған Стратегиялық әріптестік пен одақтастық бағдарламасына қол қою болды. Бұл екі елдің барлық салалардағы, соның ішінде сауда-өнеркәсіптік және мәдени-гуманитарлық байланыстардағы байланыстарды кеңейтуге және ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екендігін көрсетеді.

Ынтымақтастықтың экономикалық аспектілеріне ерекше назар аударылды. Қазақстан мен Өзбекстан Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктестері бола отырып, сауда айналымын 10 миллиард долларға дейін жеткізуді алға мақсат етіп қойды. Бұл мақсатқа жету үшін шығарылатын өнім түрлерін кеңейту, экономикалық интеграцияға кедергілерді жою, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты белсенді дамыту жоспарлануда.

Тоқаев қазірдің өзінде қазақстандық тауарлардың Өзбекстанға экспортын 550 миллион долларға арттыруға дайын екенін атап өтті. Сонымен қатар, жалпы құны 3 миллиард доллардан асатын 70-тен астам жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр, бұл 14 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Бұл машина жасау, металлургия, энергетика, байланыс және цифрландыру сияқты салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың жоғары әлеуетін растайды.

Кездесудің маңызды құрамдас бөлігі су-энергетика саласындағы күш-жігерді үйлестіру болды, онда Қазақстан мен Өзбекстан ресурстарды тұрақты дамыту мен пайдалануды қамтамасыз ету бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.

Шавкат Мирзиеевтің сапары және одан кейінгі келісімдер Қазақстан мен Өзбекстанның стратегиялық серіктестік пен өзара тиімділікке сүйене отырып, екіжақты қарым-қатынастарды белсенді дамытуға дайын екенін растайды, бұл екі елдің одан әрі өркендеуіне ықпал ететіндігін көрсетті.

Қорытынды

Жаһандық сын-қатерлер мен аймақтық өзгерістер аясында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастық стратегиялық мәнге ие болуда. Бұл екі ел Орталық Азиядағы негізгі ойыншылар бола отырып, аймақтық тұрақтылықты қамтамасыз етуге, экономикалық өсуге және өзара іс-қимылды арттыруға үлес қосуда. Өзбекстан президенті Шавкат Миромонович Мирзиеевтің Қазақстанға сапары, сондай-ақ оның көмекшісі Саида Мирзиееваның сапары мен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесулері мемлекеттер арасында өзара түсіністіктің артқанын, жақын әрі көп қырлы қарым-қатынастарға ұмтылысын атап көрсетеді.

Қазақстан мен Өзбекстанның мемлекеттік саясаты тұрақты және өзара тиімді ынтымақтастықтың негіздерін құруда шешуші рөл атқарады. Екі елдің көшбасшылары екіжақты байланыстарды нығайтуға күшті саяси ұмтылыс танытып отыр, мұны қол қойылған құжаттар мен келісімдер растайды. Мәдени алмасу, білім беру бағдарламалары немесе экономикалық байланыстар арқылы болсын бұл үдеріске екі елдің халқы да белсенді түрде қатысуда. Дегенмен, үлкен нәтижелерге қол жеткізу үшін инфрақұрылымды және институционалдық базаны одан әрі дамыту қажет, бұл бірлескен жобаларды іске асыруды жеделдетуі мүмкін.

Оң динамикаға қарамастан, ынтымақтастықтың тиімділігін арттыру үшін көбірек назар аударуды қажет ететін салалар да бар:

  • Экономикалық интеграциядағы кедергілерді жою: елдер сауда айналымын ұлғайтуға ұмтылып жатқанымен, экономикалық интеграцияны бәсеңдететін әкімшілік және сауда кедергілерін жоюға күш салу қажет.
  • Көлік және логистикалық инфрақұрылымды дамыту: Транскаспий бағыты сияқты көлік дәліздерін тиімді пайдалану екі елдің келісілген іс-қимылдарын талап етеді. Бұл саладағы тығыз ынтымақтастық тауарлардың қозғалысын жылдамдатуға және шығындарды азайтуға көмектеседі.
  • Су-энергетика саласындағы ынтымақтастық: әсіресе өсіп келе жатқан климаттық проблемаларды ескере отырып, су-энергетика секторындағы күш-жігерді үйлестіруді жалғастыру маңызды. Бірлескен жобалар тұрақты ресурстарды басқарудың негізін құра алады.
  • Геосаяси тұрақсыздық: Орталық Азияға жаһандық геосаяси өзгерістер әсер етеді. Аймақтағы кез келген тұрақсыздандыратын факторлар қазақ-өзбек қарым-қатынасының тұрақтылығына кері әсерін тигізуі мүмкін.
  • Экономикалық қиындықтар: Жаһандық экономикалық тұрақсыздық және шикізат бағасының ауытқуы екі елдің экономикалық болашағына әсер етуі мүмкін. Бұл бірлескен жобаларды жүзеге асыруды бәсеңдетіп, сауда көлемін азайтуы мүмкін.

Дегенімен, бұл айтылған қатерлердің барлығы алдағы уақыттарда жүзеге асырылатын жобалар мен өзара қолдау мен кемел дамуға бағытталған саясаттың, жобалардың негізінде алдын алу шаралары ретінде жасалатындығын, соның негізінде екі мемлекет мәселелерді шеше алатындығына үміттендіреді.

Шавкат Мирзиёевтің сапары және одан кейінгі кездесулер Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықты нығайту жолындағы маңызды қадам болды. Дегенмен, тұрақты табысқа жету үшін бар кедергілерді жоюға, инфрақұрылымды дамытуға және ықтимал тәуекелдердің алдын алуға баса назар аудару қажет. Үкімет саясаты мен екі елдің халқы бұл үдерісте шешуші рөл атқарады және егер бұл күш-жігер дұрыс орындалса, аймақта айтарлықтай оң өзгерістерге әкелуі мүмкін.

Екіжақты қарым-қатынастарды сақтау барлық деңгейдегі диалог пен ынтымақтастықты жалғастыруды талап етеді. Тек осылай ғана Қазақстан мен Өзбекстан жаһандық сын-қатерлерге төтеп беріп, ұзақ мерзімді перспективада тұрақты дамуды қамтамасыз ете алады.

Айнұр Бақытжанова

Пікірлер