2027 жылға қарай автомобиль өнеркәсібін 50%-ға дейін оқшаулау жоспарланған

2801
Adyrna.kz Telegram
Фото ашық деркккөз
Фото ашық деркккөз

Қазақстандық автомобиль өнеркәсібі – инновацияларды енгізуді және жаңа шешімдерді әзірлеуді қажет ететін технологиялық сала. Дамудың стратегиялық бағыты елдің экономикалық өсуіне және импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндіктер ашады. Бұл жалпы Қазақстанның технологиялық прогресіне, оның әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.

Отандық автомобиль өнеркәсібін одан әрі дамыту мақсатында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі 2024 жылдан бастап заңнамалық талаптарды қатайтып, өндірушілерді автомобиль құрастырудың күрделі деңгейіне көшуді міндеттейді.

Отандық автомобиль өнеркәсібі барлық кәсіпорындардың шанақ пен кабинаны дәнекерлеу және бояу бойынша технологиялық операцияларды қолдана отырып, ірі түйінді құрастырудан шағын түйінді құрастыруға кезең-кезеңімен көшуге бағытталған шарттармен қамтамасыз етілген. Осылайша, 2027 жылға қарай шағын түйін әдісі бойынша автомобиль өндірісінің үлесін жалпы көлемнің 50%-на дейін кезең-кезеңімен ұлғайту жоспарлануда.

Мәселен, алдағы екі жылда үш ірі автомобиль өндірісі жобасын пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл «KIA Qazaqstan», «Astana Motors  Manufacturing Kazakhstan» және «Orbis Kazakhstan». Жоспарланған өнім көлемі 240 мың дана құрайды.

Сондай-ақ, 2025 жылдың соңына дейін өндірілген өнімнің өзіндік құнын төмендетуге әсер ететін құрамдас бөліктерді өндіру бойынша 10 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Жаңа жобаларға салынған инвестицияның жалпы көлемі 760 млрд теңгеден астам.

Қазақстанда утиль алымы енгізілгеннен бері «General Motors», «KIA», «Hyundai», «JAC», «Skoda», «Yutong», «Chery», «GWM», «Changan» және т.б. сияқты шетелдік компаниялар нарыққа тартылғанын ескерген жөн.

Салаға 2018-2022 жылдар аралығында 56,9 млрд теңгеден астам инвестиция құйылды. Ал 2023 жылы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 35,8 млрд теңгені құрады. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 3,5 есе көп.

Осының барлығы жасалған инвестициялық шарттардың арқасында, оның бір бөлігі утиль төлемі және бастапқы тіркеу үшін алым болып табылады.

 

Пікірлер