Ел дамуының маңызды бағыты – кәсіпкерлік

1166
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында ел дамуының басты бағыттарын жария еткені бұқара халыққа жақсы таныс. Мемлекет басшысы маңызды Жолдауда шағын және орта кәсіпкерлік субьектілерін қолдау, ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік-логистика, креативті индустрияны дамыту, өнеркәсіпті дамыту және басқа салалар бойынша Үкіметке нақты міндеттер жүктеді.

Мемлекеттің экономикаға ықпалын азайтуға, макроэкономикалық саясатты қайта қарауға, салық, бюджет саясатын реформалауға қатысты бірнеше бастама көтерді. Бұл тапсырмалардың нақты жүзеге асырылып жатқанынына жақында жыл толады. Осы бір жылға жуық уақыт ішінде орты және шағын кәсіпкерлік саласында қандай өзгерістер болып жатыр? Отандық жеңіл өнеркәсіп саласын дамытуға атсалысып жүрген жеке кәсіпкер  Салтанат Жапаровамен әңгімелескен едік. 

- Салтанат ханым, сіздің белсенді еңбек етіп жүргеніңізді білеміз. Қазақстан азаматы ретінде сіздің ойыңызша, Жолдауда айтылған дүниелер қаншалықты орындалды? 

- Мен өз салам бойынша айтсам, өзімнің байқағаным алдыңғы жылдардағыдай емес, шағын және орта кәсіпкерлік саласында біршама әділеттік орнады. Бюджет-салық жағында қазір бәрі ашық. Өйткені ел билігі экономикалық еркіндікті қолдап отыр. Қазіргі таңда заңдық тұрғыда даулы және түсініксіз мәселелерді кәсіпкерлердің пайдасына шешуге мүмкіндік берілген. Екінші деңгейлі банктердегі несиелеу шарттары сәл де болса жеңілдетілді. Бұны өз көзімізбен көріп, сезініп отырмыз. «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында Мемлекет басшысы ел экономикасының жаңа модельге көшуі, халықтың тұрмысын түзеуді, жеке кәсіпкерлікті, ауыл шаруашылығын, өндірісті, өнеркәсіпті дамыту секілді мәселелерді қозғап, негізгі бағыттарды айқындап бергеніне куә болдық. Шағын және орта бизнеске мейлінше қолдау көрсетіп жатыр, қаншама адам жұмыспен қамтылған. Нақты мәліметтермен мысал келтірсек, қазақстандық шағын және орта кәсіпкерліктің экономикаға қатысу үлесі 31,7 пайыздан 36,4 пайызға дейін, яғни 4,7 пайызға өсті. Соңғы статистикалық деректер бойынша жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 23,8 пайызға өсіп, 4,2 млн адамға жетті. Өзімізді айтсақ, біздің жеке кәсіп қазір 40 шақты адамды жұмыспен қамтып отыр. Жеке кәсіпкерлік дамыса, халықтың да тұрмысы түзеледі деп ойлаймын. Осы орайда Мемлекет басшысы экономикалық дамудың жаңа үлгісіне көшудің негізгі басымдықтарын белгілеп берді. 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін 2 есеге ұлғайтып, 450 млрд АҚШ долларына жеткізу туралы айтылды. Сондықтан, «ауқымды әрі күрделі міндетті іске асыру үшін шағын және орта бизнес экономиканы дамытудың маңызды драйверлерінің бірі болуы тиіс» деген Президентіміздің пікіріне толық қосылам. 

- Кәсіпкерлерді қолдау мақсатында берілетін гранттар мен жеңілдетілген несиелерден нәтиже бар ма? Кәсіпкерлер қауымы осы игіліктерді көріп отыр ма?  

- Әрине көріп отыр. Бұл өнім өндірушілер үшін, кәсіпкерлер қауымы үшін үлкен мүмкіндік. ШОБ дамытуға бағытталған «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» атты бағдарламалар іске қосылды. Шағын бизнесті ірілендіруге және орта бизнестің сапалы өсуіне кешенді ынталандыру бағдарламасы әзірленген. Сонымен қатар, арнайы гранттарға қол жеткізуге және қайтарымсыз несиелерді алуға мүмкіндік мол. Кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несиені де рәсімдеуге болады. Мемлекет тарапынан берілетін осындай қолдаулар шағын және орта бизнес үшін аса маңызды. Сонда ғана шағын компаниялар бәсекеге қабілетті болып ілгері дамиды. Нәтижесінде шағын бизнестің едәуір бөлігі орта және ортадан ірі санатқа көше алады. Енді биылғы жылдың қортындысы жыл соңында шығатын шығар, бірақ өткен жылдың қорытындысы бойынша ЖІӨ шамамен 5%-ға өсіп, 75 трлн теңгеден астам көрсеткішке жеткен. Бұл ретте жеңіл өнеркәсіп саласында өсім бар. Оны өз өндірісімізден аңғарып отырмыз. Мәселен, бізге келетін тапсырыстар саны жылдан жылға ақырындап ұлғайып жатыр. 

- Киім өндірісі, ұлттық өнер саласында жүргендіктен сіз тікелей айнылысып жүрген кәсіпке ойыссақ. Қазақстанда киім өндірісі қаншалықты дамып жатыр?  

- Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі, оның ішінде киім-кешек өндіру, ұлттық киім, сән индустриясы - қазір ерекше қарқынмен дамып жатқан саланың бірі. Әсіресе, ұлттық киім өндіру жағы қанатын кеңге жайды. Негізі, ұлттық нақыштағы киім өндіру тұнып тұрған идеология. Ұлттық киім дегенде күнделікті киюге болатын этнодизайндық дүниелер де бұған кіреді. Соңғы жылдары мұндай бұйымдарға қызығушылық өте жоғары. Біздің киіну мәдениетімізге Мемлекет басшысының тікелей назар аударуы көп нәрсені өзгертті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «басқа жұрт қазақты киімінен танитын болуы керек» деп айтқан сөзі барша отандастарымыздың тарапынан үлкен қолдау тапты. Жалпы алғанда беріліп жатқан қолдауды дұрыс пайдалана білсек, тығырықтан жол тауып, өндірісті жолға қоюға болады. Дегенмен, киім-кешек өнідірісінде шешімін таппаған мәселелер де баршылық. Осы ретте өз ой-пікір, ұсыныстарымызды үнемі білдіріп жүреміз. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз, ары қарай дами береміз.  

- Тағы қандай мәселелерге баса назар аударған жөн деп санайсыз? 

«Мәдениет ұлттың бет-бейнесі,  рухани болмысы,  ақыл-ойы,  парасаты», - деп дана халқымыз текке айтпаса керек. Ал мәдениеттің нағыз мәйегін көрсететіндер біздің шеберлер екені даусыз.  Алтайдан Дунайға дейінгі сайын даланың өркениетіне өлшеусіз үлес қосып, тағылымы терең тарихымызды айшықтау - біздің басты борышымыз. Ұлтты ұлықтап,  өнерді құнттап,  өркениетке қадам басу жолында, біз өзге елдерменде тығыз қарым-қатынас жасап, әлемдік аренада өз орынымызды айқындағымыз  келеді.  Осы тұрғыдан Орта Азия елдерінің  мәдениет саласымен танысып,  тәжірибе алмасып жүйелі жұмыс жасауға ниеттіміз. Қазақ ұлттық қолөнерінің тарихы тереңде. Ол халқымыздың ұлттық-мәдени бірегейлігі мен этномәдениетін сақтау, жаңа жұмыс орындарын құруға және халықаралық нарыққа шығуға қызмет етеді. Қазіргі жағдайда қолөнер - кәсіпкерлікті қолдау тұрғысынан да, мәдени мұраны сақтау тұрғысынан да маңызды құбылыс болып саналады. Қолөнер саласына мемлекеттік гранттар, жеңілдетілген несие қарастыру, тігіншілерге цехтарды жалға алуға жеңілдік беру, материалдар мен жабдықтарды сатып алуға, шеберханаларға үй-жайларды жалға алуға жағынан қолдаулар көбірек берілсе екен дейміз. Халықаралық тәжірибені ескере отырып, әр өңірде тәжірибелі шеберлердің білімін кейінгі буынға беруі үшін балалар үйірмелері, көрме залдары бар қолөнер орталықтарын құрсақ, заманауи қолданбалы өнер мұражайын құрсақ деп жоспарлап отырмыз. Бұл да кәсіпкерлікті дамытудың бір парасы.   

- Біздің елде отандық киім-кешек неге қымбат? 

- Өйткені бізде мата өндіру өндірісі тұралап тұр. Материалдардың дені шетелден әкелінетіндіктен әрине, өзіміз тіккен көйлек-көншектің бағасы кейде қымбаттау боп жатады. Елдегі жеңіл өнеркәсіптің импортқа тәуелді екені жасырын емес. Жіп, түйме секілді фурнитураларды, материалдарды кәсіпкерлер  шетелдерден тасиды.  Оған тігу жұмысын қоссаңыз, бағасы тағы өседі. Жұмыс күші де арзан деп айта алмаймын. Елдегі сауда орталықтары мен дүкендер де үстіне пайыз қосып сатады. Шығыны көп. Егер материалдар өзімізде өндірілсе анағұрлым арзан болар еді. Дегенмен біздің қолдан шыққан бұйымдар, киім-кешектер соншалықты қымбат емес. Бұл сала енді реттеліп келеді. Жалпы кәсіпкерлік бұл - үздіксіз даму процесі ғой. 

Әңгімеңізге рақмет! 

Сандуғаш Райым 

Пікірлер