Тамаққа бөлінген 35 млн теңгені «жеп қойған». Астанада 5 балабақша меңгерушісі ұсталды

1787
Adyrna.kz Telegram
Сурет: norma.uz
Сурет: norma.uz

Астанада 5 балабақша меңгерушілері және олардың көмекшілері балаларды тамақтандыруға арналған ақша қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды. Бұл туралы Астана қаласы прокуратурасы мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

«Экс-балабақша басшылары мәзірге сәйкес қажетті азық-түлік көлемін көрсетіп, өтінімдер берген. Алайда, алдын ала өнім берушімен қылмыстық сөз байласып, олар толық жеткізілім туралы құжаттарға жалған мәліметтер енгізген. Қылмыстық схеманың бастамашысы және қылмыстық келісімнің тікелей ұйымдастырушысы бұрын сотталған олардың сыбайласы (өнім беруші) болған», - деп хабарлады Астана қаласы прокуратурасы.

Прокурор сотталғандардың кінәсін дәлелдейтін барлық айғақтарды ұсынды. Сот үкім шығарды.

«Сот үкімімен балабақша меңгерушілеріне тағайындалған барлық мерзімге пробациялық бақылау белгілене отырып, 2 жылдан 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, мәжбүрлі еңбекке тарту және мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салу жазасы тағайындалды», - делінген үкімде.

Сонымен қатар, ұқсас қылмыстар үшін өтелмеген соттылығы болған олардың сыбайласы 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

Жымқырған 35 млн теңгеден астам қаражат бюджетке қайтарылды.

Үкім заңды күшіне енді.

Пікірлер