Атамекенде қудаланған азаматқа депутат араша сұрады

1706
Adyrna.kz Telegram
Сурет: gov.kz
Сурет: gov.kz

Ауғанстаннан келген қандас азамат азаматтығын ала алмай, қудалауға ұшыраған, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса Сәми Атта Гул есімді қандас азаматтың құжатын ала алмай жүргенін айтып, дабыл қақты.

Депутат  Ішкі істер министрі Ержан Сәденов мырза мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыповаға үндеу жасады.

"Сами (аты) Атта Гул (тегі), 1992 ж.т. (пасп.: Atta Qul Sami, PO3985684), Ауғанстан азаматы, ұлты қазақ, Ауғанстан Ішкі істер министрлігі тарапынан 2021 ж. 23 маусымда беріліп, Астанадағы Ауғанстан Елшілігі мен ҚР СІМ Консулдық қызмет департаменті растаған №1400-0400-37212 жеке куәлігінде: «Азаматтығы – Ауғанстан, ұлты – қазақ» деп көрсетілген. Туған-туыстары Қазақстанда тұратын Сәми Атақұлға Астанадағы Ауғанстан Елшілігі С.Атта Гулдың ешқашан сотты болмағандығы және оның Қазақстанда тұрақты тұруына ауған үкіметі тарапынан қарсылықтың жоқтығы туралы жазбаша анықтамалар берген,"- дейді депутат. Қазыбек Иса былай деп жалғастырған.

"Сәми Атақұл ақыры Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы қызметкері Бақыт Сарайдың көмегімен алғашқы тіркелген және қандас куәлігін алған мекенжайы бойынша ҚР азаматтығы мен Қазақстанда тұрақты тұру рұқсаты – Ықтиярхат алуға барлық құжаттарын жинап, Ақмола облысы, Ақмол ауылындағы Целиноград аудандық ПД Көші-қон бөліміне жүгінеді. Парламентке арыз жазушы А.Айдашев пен Б.Сарайдың жазуынша, «Ақмола облысы Целиноград аудандық көші-қон бөлімі басшысы Есентай Қинаятов құжаттар толық болса да қабылдамай, ұзақ әуреге салады. Алғашында барлық құжаттарды қарап шығып, «толтырылған анкета дұрыс емес, дұрыс толтыру керек» деп қайтарған. Айтқанындай анкетаны толтырып, қайтадан Е.Қинаятовтың алдына барғанда, ол «берілген медициналық анықтамада психикалық есепте тұрмайды деген сөйлем қолмен жазылуы керек» деп қайтарады. Қайтадан барып қолмен жаздыртып алып келгенде, Е.Қинаятов «Менің территориямда ауғандардың тұруына болмайды» деп қабылдамай, итеріп шығарып жібереді. «Бұл мекеме мен жер сенің меншігің емес, мемлекетке тиесілі, мемлекет қызметкері өз міндетін атқаруы керек» дегенге құлақ аспайды", - дейді мәжілісмен.

Құжат жасау үшін сабылған азаматты Қинаятов қабылдамаған. Мәжіліске келген хатта аудандық ПД басшылығы шағым арыз бойынша С.Атта Гулды қабылдап, барлық құжаттарын тексергені айтылған. Талап-арызды жеткізгендер құжаты дұрыс деп танылған азаматқа басшылық "Ауғаннан келген" деген уәждер айтуға тырысқанын айтқан. Артынша Целиноград аудандық көші-қон бөлімі басшысы Қинаятов құжаттарды қабылдағанымен талонды бермей ұзақ күттіріп қойған.

Мәжілісмен атамекенді аңсап келген қандастардың бетін қайтармау керектігін айтады.

"Атамекенін аңсап келген қазағымызды түн жарымда үйіне басып кіріп, әуежайға зорлап апарып, ұшаққа зорлап салмақ болып, бүкіл елдің көзінше жылатып, ақыры шетелге жібере алмағасын, арнайы қамаққа тығып тастаудың артында не тұр? Бұл кімнің тапсырмасы? Хатта жазылғандай, «Сәми Атта Гулдың ісін қараған Ақмола облысы, Целиноград аудандық соты, алғашқыда сот төрайымы Д.Байкенжина полиция қызметкерлеріне бірнеше сұрақтар қойып, бұлайша қысым жасауға болмайтынын меңзеген сияқты болады. Алайда, сот шешім шығару үшін үзіліске шыққан кезде полиция қызметкері Бақтияр сот төрайымының кабинетіне кіріп алып, 40 минуттай сөйлеседі. Үзілістен кейін сот ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 517-бабының 4-бөлігімен көзделген құқық бұзушылық жасағаны үшін С.Атта Гулды кінәлі деп танып, «ол ҚР шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберілсін, қаулы жария етілген күннен бастап 7 күн мерзім берілсін» деген қаулы (2024ж.03.04., іс №1166-24-00-3/470) шығарады.”-дейді", - делінген Қазыбек Исаның мәтінінде.

Пікірлер