Электротехниканың атасы — Вернер фон Сименс

1274
Adyrna.kz Telegram
x-default
x-default

Білікті ғалым, тісқаққан инженер, кемеңгер миллионер. «Siemens» корпорациясының негізін қалаушы. «Электротехника» терминінің авторы. Германияның патриоты. Қайырымды меценат.

Вернер фон Сименс 1816 жылы 13-желтоқсанда Германияның Гановер қаласының түбіндегі Лента елдімекенінде дүниеге келеді. Ол  жанұядағы ағайынды он баланың ең үлкені болды. Вернердің әкесі Христиан Фердинанд пен анасы Эленора шаруа кісілер еді.

Вернер Любектегі гимназияны тәмамдаған соң, әкесінің ақылымен корольдің гвардия артиллериясына құжаттарын өткізеді. Комиссия мүшелері 17 жасар жасөспірімнің талабын қабылдамады, әйткенмен оған Магдебургтегі инженерлік-артиллериялық училищеге барып емтихан тапсыруға кеңес береді. Емтиханнан сүрінбей өткен Вернер Сименс гимназия қабырғасында аса жақсы көрген математика, химия, физика пәндерін училищеде де ынтыға оқыды. Училищенің баллистикалық лабораториясындағы оптикалық телеграфты, металл еріту шеберханасын, бу машиналарын, химиялық приборларды, газ фонарларын көрген Вернердің есі шығады. Ол әскери білім беретін оқу орнындағы үш жылының көп бөлігін осы лабораторияда өткізді. Училищеден кіші лейтенант шенін алып шығады.

Жас офицер Вернер фон Сименс

Вернер фон Сименс 22 жасқа толғанда табыс табудың жолын іздеп, өнертапқыштықпен шұғылданады. Жеңіл ойын-сауықтан басын алып қашып, бос уақытының барлығын артиллерия ұстаханасында өткізетін. Ол үшін сауық-сайраннан бас тарту еш қиын емес еді, темір-терсектердің ортасы Вернердің жан дүниесіне әлдеқайда жақын болатын. Алайда сол жылы жанжалдасып дуэльге шыққан екі жолдасының ортасында секундант болғаны үшін абақтыға жабылады.

Абақтыда өткізген аз уақытында алғашқы техникалық жаңалығын даяр қылады. Металдарды алтынмен және күміспен гальваникалық қаптау әдісін жетілдіреді. Ол заманда өндірісте темір мен қолаға алтын жалату адамның денсаулығына өте қауіпті еді. Алтынды сынаппен араластырып, амальгамаға (қоспаға) айналдыратын. Темірге осы амальгаманы жалатқан соң, сынапты бу ғып ұшырып жіберу үшін, оны отқа қыздырады. Сынаптың буы талай жұмысшыларды ажал құштырып, көбін ауру қылатын. 1838-1841 жылдары Санкт-Петербургтағы Исаакиевский шіркеуінің күмбезін алтындау кезінде сынаптың буынан 60 адам көз жұмған. Ал Сименстің 1842 жылы түрмеде ашқан жаңалығы осы орасан кемшілікті жоюға бағытталған. Онікі электролидтегі электродтардан ток өткен кезде орын алатын электрохимиялық тотықтандыру және қалпына келтіру процестерінің жиынтығы деп аталатын электролиздік жаңалық еді. Вернер офицер шеніндегі адам болғандықтан, оған абақтыдағы аз күнде көп кеңшілік жасалады. Соның арқасында жаңалығын інісі Вильгелм Сименстің қолына береді. Ол ағасының еңбегін  Англияға апарып, 1500 фунт стерлингке сатып өткізеді.

В.Сименс жетілдірген айырып-біріктіруші телеграф

1845 жылы неміс «Физика қоғамы» құрылып, оған Вернер фон Сименс те мүше болады. Қолданыста жүрген телеграфты жетілдіруді осында қолға алады. Вернер ұсынған аппарат айырып-біріктіруші телеграф деп аталды. Оның аппаратының ерекшелігі: аппарат электр қуаты арқылы басқарылды және синхронды жұмыс істеді. Ағаштан, қаңылтырдан,  мыс сымнан, шағын темірден құрастырылған Сименстің телеграфы «Физика қоғамының»  тағы бір мүшесі  Иоганн Георг Гальскті қатты қызықтырды. Екеуі телеграфты дайындау мақсатында 1847 жылы «Сименс және Гальск телеграфын дамыту және құру ұйымы» («Siemens & Halske») бірлескен кәсіпорнын тіркейді. Вернер фон Сименстің немере ағасы Иоган Георг Сименс оларға қаржылай демеушілік ретінде 6842 талер береді. Кәсіпорын тек телеграф ісімен емес, сонымен қатар  медициналық электр индукторларын, электр құралдарын, телеграф желісін найзағайдан қорғайтын құрылғыларды, электр тогын қашықтыққа жіберетін реле және қоңырау іспеттес фарфор изоляторларын шығарып отырды. Сондай-ақ жерасты кабельдерін қорғасынмен қаптауды ұсынды.

Вернер фон Сименстің динамо-машинасы

Сол заманда Англия мен Германия индустриялық бәсекеде өмір сүріп жатқан еді. Техникалық гегемонияға ие болу үшін, екі мемлекет ғалымдардың жаңалығын үнемі жіті назарда ұстап отыратын. Германия үкіметі Вернер фон Сименстің ұсыныстарына  бірден қызығушылық танытып, Берлин мен Франкфурт-на-Майне қалаларының арасына телеграф жүргізуге қаржы бөледі. Сименс пен Гальсктің кәсіпорны тек телеграф сымын жүргізумен айналыспады, сонымен бірге телеграф аппараттарын өндіруші кәсіпорын болды. 1848 жылы Берлин –  Франкфурт-на-Майне телеграф желісін орнатып болғаннан кейін, кәсіпорын дамуының  жаңа кезеңі басталады.

1849 жылы Франкфурт қаласындағы Әулие Павел шіркеуінде Пруссия королі IV Фридрих Вилгельм сайлаудың нәтижесінде Германия кайзерінің мұрагері деген титул иеленеді. Салтанатты хабар Берлинге телеграф арқылы сол мезетте жетіп, халық корольге емес, адам баласының ойының ұшқырлығы уақыт пен кеңістікті басып озғанына таңдай қағады.

«Siemens & Halske» кәсіпорнының көкжиегі кеңіп сала берді. Телеграф сымы Германияның басқа аймақтарына да тартылды. 1850 жылы «Siemens & Halske» кәсіпорнының Лондоннан жаңа бөлімшесі құрылып, оны інісі Вилгельм Сименстің қарауына береді. Санкт-Петербург пен Мәскеу аралығына телеграф желісін жүргізу үшін Ресейден де арнайы бөлімше ашылып, оған басшы етіп, тағы бір інісі Карл Сименсті тағайындайды.  Компания тек еуропалық нарықпен шектеліп қалғысы келмеді. 1870 жылы ұзындығы 6600 мильді құрайтын Лондон-Калькутта телеграф желісі тартылады. Сөйтіп, Англия мен Үндістан арасындағы хабардың жүру жылдамдығы бар-жоғы 20 минутқа ғана тең болды. Арада  төрт жыл өткенде Ирландия мен АҚШ-ты қосқан трансатлантикалық желі пайдалануға беріледі.

Динамо-машинаның арқасында дүниеге келген ең алғашқы троллейбус

Вернер фон Сименстің ең танымал ісі – электродинамика заңын ашып, динамо-машинаны құрастыруы еді. Бұл динамо-машинаның құндылығы сол – электр қуатын ауыр өнеркәсіпте қолдануға мүмкіндік туды. Бұдан кейін Сименстің жаңалығы өнеркәсіптің барлық салаларына қолданысқа енеді. «Siemens & Halske» кәсіпорны енді динамо-машинаның арқасында темір жол, трамвай, лифт, троллейбус, метро және тағы басқа транспорт түрлерін құрастырумен шұғылданады.

Вернер тек миллионер, өнертапқыш емес, мейірімді кәсіпкер де бола білді. 1860-1870 жылдар аралығында қарт адамдарға зейнетақы, ал еңбекқор жұмысшыларға сыйақы тағайындайды, зауыттарының жанынан дәрігерлік пункт ашады, жұмыс уақытын 8,5 сағатқа дейін қысқартады. Ол кездегі басқа кәсіпорындар да жұмыс уақыты 10 сағатқа тең еді.

Телеграф дәуірі аяқталып, телефонның заманы басталғанда Вернер фон Сименс оған қапа болмады. Оның кәсіпорны енді телефон кабельдерін шығарып, Берлин көшелеріне сым жүргізіп, телефондар орната бастады.

Вернер фон Сименс жалғыз адам аса үлкен корпорацияны басқара алмайтынына көзі жеткен кәсіпкерлердің бірі еді. Оған биліктегі, ғылымдағы көптеген адамдармен серіктес болуға тура келді. 1887 жылы «Siemens & Halske» компаниясын акционерлік қоғамға айналдырады. Ол кезде «Siemens & Halske»-тің капиталы 35 миллион неміс маркасына тең еді. Әрине, оның едәуір бөлігі Вернер фон Сименске тиесілі болды.

Динамо-машинаның арқасында дүниеге келген ең алғашқы электропойыз

1890 жылы Сименс кәсіпорын тағдырын балалары мен інілеріне тапсырып, өзі басшылықтан кетеді. Ол бұдан кейінгі уақытта «Siemens & Halske»-тің тыныс-тіршілігіне тек акционер ретінде ғана араласып тұрады. 40 жылдың ішінде оның корпорациясы 3 адамдық ұстаханадан 5500 қызметкер жұмыс істейтін корпорацияға айналады.

Сименстің ғылымға қосқан тағы бір ерен ерлігі болды: ол «электротехника» терминін ғылымға енгізеді. Оған дейін ғылымда «электрдің қолданбалы теориясы» термині пайдаланып келген болатын.

Вернердің замандасы, немістің бір геолог ғалымы қазба жұмыстары кезінде ежелгі құс – археоптрикстің суреті тайға таңба басқандай сақталған тасты табады. Геолог ғалым көне жәдігерді шетелге сатқысы келеді. Германия жерінен табылған мұраны сыртқа қимаған Сименс археоптрикстің суреті басылған тасты сатып алып, Берлиндегі жаратылыстану мұражайына өткізеді.

Вернер фон Сименс 1892 жылы 6-желтоқсанда Шарлоттенбург қаласындағы үйінде қайтыс болады. Ол қалдырған кәсіпорын қазір «Siemens AG» деген атпен бүкіл әлемге танымал.

Түйін

Оноре де Бальзак айтпақшы «Боламын деген адам болуы да мүмкін, болмауы да мүмкін. Ал болмаймын деген адам ешқашан болмайды». Бала жастан таудай талаптың иесі болып өскен Вернер фон Сименстің биік белестерді бағындыруы заңдылық еді. Дегенмен ол өзін кәсіпкерден гөрі, немістің патриоты санаған.

Ақан Бірлік,

Адырна ұлттық порталы

Пікірлер