Көшпенді. Көшпелі. Көшкінші және тағы басқалар

452
Adyrna.kz Telegram

Жуырда «Аманат» партиясының «Мирас» кеңесінде V Дүниежізілік Көшпенділер ойынына қатысты кейбір тақырыптар қозғалыпты. Соның ішінде шараның атауына да байланысты жайттар сөз болған екен.

Атап айтқанда, «көшпенді» сөзі. Бұл неологизм/жаңасөздің мәселесі майшаммен 90-жылдары қаралған. Әрине, осы аттас роман авторын бас салып кінәлау да дұрыс емес, оның үстіне тарихи дерекке қарағанда романның атауын сол кездегі советтік редакторлар өздерінше атап жіберген және «номад» сөзінің баламасын осылайша терминолог/лексиколог емес, редактор жасапты. Ол кезде солай бола беретін.

«Көшпенді» туралы «Қазақ әдебиеті» (әлде басқа газет пе екен?) газетінде Ақселеу Сейдімбектің көтергені бар. Ол кісінің шамамен айтқаны мынау: бұйрық райлы етістікке –ынды/-інді, -нды/нді жұрнақтары қосылғанда жағымсыз мағынадағы сөз туындайды, мысалы, жуынды, шайынды, алқынды, өшпенді... Дұрыс көтерілген бұл лингвистикалық түйткілге біз де бес тиынды қосқанбыз сонда. Аталмыш сөзжасам кезінде тек қана жағымсыз семантикалық сөздер емес, бейтарап сөздер де туындайтынын жеткіздік, мәселен: қос+ынды, азайт+ынды, көбейт+інді тағы сол сияқты. Ал енді теріс бұйрық райлы етістікпен (көшпе,қоспа,айтпа,бөлме) бұндай сөзжасам мүлдем кездеспейтінін, сол себепті, «көшпе+нді» сөзінің жасалу жолы тілбұзар үлгі екенін келтіргенбіз. Сол сөзімізде әлі тұрамыз.

Әрине, жоққа шығару жеткіліксіз, өз нұсқаңды айтпасаң, пайымың жартыкеш деген сөз. «Номад» немесе «кочевник» ұғымдарына тілімізде обастан тікелей балама қалыптаспағаны рас, себебі, өзімізді өзіміз олай Ебропаша жіктеген халық емеспіз. Ал енді уақыт талабына сай бұл сөздерге жатық балама керек және тіліміздегі жат сөзжасамға құрылған жалған сөздерді ығыстырмасақ, тілдің ішкі әлеуеті әлсіреп, сөзжасам қабылеті ыдырайды, тіліміздің құрылымына, қабылетіне сенім болмайды. Ол үшін, президент Тоқаев айтқандай, «Қазір – ғылым мен білімнің заманы» деген пайымды бағдарға алу керек. Дақпыртпен сөз жасап, «қылтима» деңгейіндегі лексикологияны құтқару қажет-ақ.

Сонымен «даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» деген советтік мәтелді алсақ, гректің «номадес» - көшпелі, ұғымынан орыстың «кочевник» кәлкі сөзі қалыптасты. Шындығында ежелгі гректің бұл сөзі «атты» деген мағынаға көбірек жуық. Өйткені көшпелі сыған ол кезде де болғанына шүбә жоқ. Бірақ олар атсыз, ат пен арбаны кейінгі ғасырларда ғана иеленді.

Сонымен «кочевниктің» түбірі де төрктің «көш-коч» сөзі екені мәлім. Бұл сөзді қырғыздар өздерінше кәлкілеп «көшмен» сөзін қалыптастырды. Былай айтқанда, бұндай сөзжасам қырғызда да, қазақта да кездеспейді, дегенмен олар бас қатырмастан «көш» әрі зат есім, әрі бұйрық райлы етістікке «мен/адам» сөзін тіркеп ала салды. Бұндай сөздің ежелгі бір нұсқасы бізде де бар: өшпен+ді. Өш, кек ұғымдарына мен/пен/ман секілді адам ұғымын беретін сөздер тіркелген нұсқа бұрынырақта қолданылса керек... Бірақ бұл қазақша үндестік заңын сақтаған сөз ретінде «көшпен» болар еді. Қазырғы «түрікпен» сөзін, сингормонизмін сылып тастап, орыс тілінен «түрікмен» деу – әбес.

«Номадқа» балама болатын тілімізде түрлі мүмкіндіктер мен нұсқалар бар. Соның бірі – көшер+мен, бұл көрермен, оқырман секілді үлгілерге сүйеніп жасауға болатын нұсқа. Бұл сөзжасамның өзі таяуда, советтік дәуірде пайда болған шаруа десек, қателеспеспіз. Бұл сөзжасам белгілі бір қабылетке қатысты жасалады, ал өмір салтыныа қатысы жоқ. Бұл нұсқа өмір салтынан гөрі белгілі бір нақты субъектіге қатысты.

Енді бір нұсқа – көш+еген. Бұл сөзжасам үлгісі мынау: көр+еген, ал+аған, бер+еген, жүр+еген, қаш+аған... Белгілі бір қабылетті меңгеру дағдысын білдіреді. Негізі «номад» сөзіне балама болатын лайық нұсқа. Бірақ сіңістіру түйткілі бар және аздап жағымсыздау естіледі.

Ал енді «көшпендіге» балама түрде қолданысқа түсіп жүрген «көшпелі» сөзі шын мәнінде зат есім емес, сын есім: көшпелі құм, көшпелі халық деген сөз тіркестерін құрайтын анықтауыш қана. Өз алдына бұл көптік жалғауын жалғауға әрі зат есімнің тұлғасы болуға жарамайды: көшпелі+лер деу мүлде дұрыс емес, тілдің сөзжасамын бұзады! Айтуға да икемсіз. Бір сөзде бір емес екі бірдей Л дыбысы келгенде, сөйлеушіні тұттығуға мәжбүр етеді.

Тағы бір нұсқа бар, оны белгілі тарихшы, жазушы Қойшығара Салғараұлы ұсынып, өз туындыларында қолданды, ол: көшкінші сөзі. Бұл да жаңа сөз, кейбір аймақта қолданған да мысалы бар, бірақ ол номадқа қатысты емес. Алайда, қазақ тілінің дәстүрлі сөзжасамына келмейді, әдетте –шы/ші жұрнақтары болымсыз етістікке жалғанады: оқу+шы, білу+ші,нұсқау+шы... Бұлай болса жатық әрі қабылдауға, айтуға жеңіл болар еді. Ал «көшкіншінің» құрамы ауыр: екі түбірден тұрады – көш және көшкін. Соңғы түбір мүлдем басқа семантикаға жетелейді: белгілі бір нәрсенің үдере көшу құбылысын айғақтайды: құм көшкіні, қар көшкіні... Әрине, «өткін+ші» секілді сөзжасам бар, бірақ бұл зат есімді емес, белгілі бір үдерісті нұсқап тұр. Ал адамға қатысты «көшкін» сөзі емес, «көш» сөзі қолданылады. Сол себепті бұл да тілдің сөзжасам қабылетін болашақта бұзып жіберетін нұсқа.

Негізі, «номад» ұғымы көшпелі халықтардың өмір салты мен мәдениетіне, өркениетіне қатысты әлеуметтік терминге айналған сөз. Контекске қарай бұл сөзге «атты» баламасын да пайдалануға болады. Себебі, қазақ халқы жай ғана көшпелі емес, оның аты болғандықтан көшіп-қонды, ал аты мен түйесі жоқтар, амалсыз «жатақ» болды. Бұл сөз кәзіргі оседлость» ұғымының қазақы баламасы болатын. Бұл тұжырымнан атты мәдениет, атты халық, атты өркениет, аттылар сөзі туындап жатық терминге ұласары сөзсіз. Ал шындығына келгенде барынша дәлдеу әрі ыңғайлы нұсқа сол – «көшпен» сөзі. Бұл түрікпен – түрік адам деген сықылды, көш+пен – көш адамы дегенді білдіреді әрі «көшпенді» сөзінің түбірі, сіңісуге қолайлы.

Сайып келгенде, қоғамның жаңаруы сананың жаңғыруынан басталады. Ол үшін осындай концептілерді жаңарту, жаңа парадигма ұсыну ғана қоғамды алға бастырады.

Жалпы біздің қазақы ортада лексикология, терминология деген ғылым саласына қатысты осындай талдау мен таластар көбіне ережесіз төбелеске айналады. Себебі, кірісетін кейбір азаматтар аталған ғылымға қатысты талаптарды ескергісі келмей, өз пайымын ғана мойындатуға мүдделі болғандықтан. Осылайша біршама пікірлер айтылып, жазыла келе, оның тоөқетерін ғылыми түрде таратып, талдап, бекітетін бір мекеме болса ғой деп армандайсың амалсыз.

Серік Ерғали


Пікірлер