Кісі өлтіруге оқталған күдікті Оңтүстік Кореядан Қазақстанға әкелінді

2230
Adyrna.kz Telegram

Адам өлтіруге оқталған күдікті Оңтүстік Кореядан Қазақстанға экстрадицияланды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеп. 

«Бүгін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігі Интерполының қызметкерлері Қазақстанның Корея Республикасындағы Елшілігінің көмегімен адам өлтіруге оқталу фактісі бойынша күдіктіні қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін экстрадициялады», - делінген хабарламада.

2022 жылдың наурыз айында Түркістан облысы Сауран ауданында аталған азамат ауылдасымен жанжалдасып, соңы төбелеске ұласқаны хабарланды.

«Төбелес кезінде күдікті қарсыласының кеуде тұсына бірнеше рет пышақ сұққан. Дер кезінде көрсетілген медициналық көмектің арқасында зардап шегуші аман қалды», - делінген хабарламада.

Анықталғандай, күдікті аталған қылмысты жасағаннан кейін 2024 жылдың маусым айында Корея Республикасының аумағында жасырынған жерінде ұсталған.

Қазір ол Астанадағы тергеу изоляторына қамалды.

Пікірлер