Жалған ақпарат пен алаяқтардан қалай сақтанамыз?

864
Adyrna.kz Telegram
dzen.ru
dzen.ru

Жалған ақпарат - халық арасында жылдам тарайды. Себебі мұндай манипуляцияға толы деректер адам санасын улауға бейім, тілі жеңіл, бір қарағанда шынайы болып көрінуі мүмкін. Осы сәтте бұқараның ақпаратты қамтып, қорытуы аса маңызды.

Жалған ақпараттар көбінесе адамның қиындығына, оның тұрмысына, оған сүйіншілеген хабарлама болып көрінуі мүмкін. Көптеген адам қаржылық пирамидаларға алдануда. Яғни, "қаржыдан қысылсағ біз саған көмектесеміз" деген сынды жалған желеумен адам сеніміне кіріп, артынша интернет алаяқтық орын алып жатады. Мұның алдын алу үшін адамға ақпараттылық сауаттылық аса маңызды.

Кей жағдайда сенімді халық бұқаралық ақпарат құралдарында жүгінбей, әлеуметтік желіде жарияланған не туыс, дос-жараннан тараған жалған әрі жылтыр жарнамаға алданып, алаяқтардың құрбанына айналады.

Сол себепті жалған ақпаратпен күресу үшін бірнеше кеңестерді тыңдап, шешім шығарған абзал.

1. Алаяқтың құрбанына айналмас үшін ақпарат көздерін тексерген жөн. Ақпаратты бөліспес бұрын, дереккөзді тексеру арқылы оның дұрыстығына көз жеткізу өте оңай. Қарапайым әрекет арқылы адам өзінің және жақындарының уақытын, қаражатын, өзін алаяқтардан құтқарады.

2. Сенімді көздерді оқып, ой түю керек. Осы тұста желіде мыңнан астам оқырманы бар блогер не қаптап кеткен коуч емес, беделі мен сенімділігі дәлелденген ақпараттық ресурстарға артықшылық беру керек.

3. Материалдың стилі мен мазмұнына назар аудару аса маңызды. Себебі жалған ақпарат көбінесе сенсациялық сипатқа ие. Ондай ақпараттарда нақты фактілер расталмайды.

4. Ақпаратқа күмәнмен қарап, оны бірнеше адамнан анықтап сұраған жөн.

Одан бөлек, жалған ақпарат тараған жағдайда әрбір азамат оның алдын алуы тиіс. Себебі кез келген манипуляцияға толы алаяқтардың хабарламасы ертең кез келген адамға орны толмас өкініш әкелуі мүмкін.

Интернет алаяқтықтың қазір ең дамыған түрі деп фишингті айтуға болады. Ол адамның ұялы телефонына жолданған вирустық бағдарламалар, сілтемелер. Онымен қоса, телефон қоңырауларындағы бопсалау әрекетері. Осы тұста ересектерге қарағанда жасөспірімдер алаяқтардың құрбанына айналады. Себебі оларға телефон қоңыраулары арқылы айтылған әрбір сөз үрей мен қорқыныш сыйлап, суицидке де жеткізуі мүмкін. Сол себепті мұндай тақырыпқа баламен ашық сөйлесіп, бірнеше кеңес берген абзал.

Алаяқтар ең әуелі поштаға, әлеуметтік желіде түрлі хабарлама жолдап, деректеріңізді алуға тырысады. Онымен қоса, "псоихологиялық тест" деп адамның жан-дүниесін ұғынуы мүмкін. Сол арқылы өзінің құрбанының ішкі психологиясы мен өкінішін біліп, манипуляция әрекеттеріне көшеді.

Интернеттегі алаяқтардың тағы бір әдісі бар. Олар «Ұтысқа ие болдыңыз, миллион – сіздікі» деген хаттарды жиі жіберед. Осы арқылы "оңай олжалы болдым" дейтіндер опық жеп, әбден сан соғады. Бұл тұста ешқандай нәтиженің оңай келмейтінін есте сақтаған жөн.

Кез келген алдау, манипуляция, суицидке итермелеу әрекеттері, алаяқтардың заң алдында жауап беретінін естен шығармау керек. ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-бабымен алаяқтық бойынша тиісті шара қолданылады.

Елімізде 2020 жылы интернет алаяқтық фактілерінің саны 70,6%-ға өскені анықталды. Бұл статистика жыл сайын өспесе, азаймай тұр. Себебі жеңіл ақшаны іздегендер қатары көбеюде. Осылайша олар өз өмірі мен өзгенің тағдырын құрдымға жіберіп жатыр.

Қазір әлемде де, елімізде де таралған жалған ақпарат пен алаяқтықтың түрі ауру адамның атын жамылып, ақша сұрау. Одан бөлек, бір адамның парақшасын бұғаттап, керегінен, достарынан, туыстарынан аз мөлшерде жиі ақша сұрау. Мұндай сәтте полицияға шағымланып, парақшаны бұғаттап тастау қажет. Интернет алаяқтарының ең жиі қолданатын сөздері: «телефон нөмірім өзгерді», «қиын жағдайға тап болдым», "маған көмек бере алмайсың ба не?". Осындай сұрақтар мен сылтаулар арқылы көптің сеніміне оңай кіріп, өз табысын тауып отырады.

Ғаламтордағы алаяқтық — желідегі, ақпарат әлеміндегі адамдарды алдау, арбау, сазға отырғызу. Ең өкініштісі, дәл осындай алаяқтық түрі елімізде еш басылмай тұр. Керісінше жыл сайын кеңінен таралуда.

Еске салайық, алаяқтардың басты мақсаты — адамдардың психологиясымен жұмыс істеп, түзету емес. Олардың басты миссиясы - манипуляция, жалған ақпаратты тарату арқылы ақша жымқыру.

Сол себепті алаяқтардың құрбаны болмай, өзіңіз бен жақындарыңыз үшін сақ болыңыз!

Пікірлер