«Қазақ тілін құртудың төте жолы». Нархоз университетінің кей факультеті қазақ тілін азайтты

1559
Adyrna.kz Telegram
Фото: Нархоз университеті сайтынан
Фото: Нархоз университеті сайтынан

Алматыдағы Нархоз университеті шешім шығарып, қазақ тілінен бас тартты. Бұл туралы журналист Диас Нұрақын Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Оның мәліметінше, бұл жоғары оқу орнында ең маңызды төрт факультеттің орыс және қазақ топтары жабылған.

Енді Narxoz-да экономика, қаржы, есеп, қаржылық тәуекелдерді басқару және ақпараттық технологиялар салаларында білім алғысы келетіндердің барлығы ағылшын тілін білуі керек. Өткен жылы да бұл мамандықтар бойынша бірде-бір қазақ тобы болған жоқ. Биыл олар да «қазақтарды» қабылдамауға бел байласа керек.

Сондықтан Narxoz студенттері тек ағылшын тілінде білім алады. Бірақ, әрине, ол жерде ағылшын тілінде мінсіз сөйлейтін студенттер жоқтың қасы, барлық сабақтарды 100% ағылшын тілінде жүргізетін мұғалімдер де жоқ. 

Сондықтан, Narxoz мұғалімдері мен студенттері барлық сабақтардың нақты ағылшын және орыс тілдерінің белгілі бір қоспасында өтетінін мойындауға мәжбүр екенін айтты журналист.

“Бұл барып тұрған бассыздық. Қазақ тілін құртудың төте жолы. Себебі дүниежүзі сөйлейтін тілде сабақ береміз деген сылтаумен қазақ тілін тұқыртып отыр. Нархозға негізінен ауыл балалары келіп оқиды. Ағылшын емес орысшаны әрең түсінетін жастардың санасын да тілін де қойыртпақтап жатыр деуге негіз бар.

Биылғы құрылтайда Президент қазақ тілін меңгергендер 70 пайыздан асты деп айтты. Ал, Президент әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебаев қазақша сөйлейтіндер саны 81 пайызды құрайды деп сұхбат бергені есімізде. Ендеше қазақ елінде, қазақтың жерінде Нархоздың қазақша оқытпаймыз дегені қай сасқаны? Бұл қазақтардың құқын таптау емей немене?

Қазақ тілінің мәртебесін көтереміз деген мемлекет саясатына Нархоз басшылары қасақана қастандық қылып отыр”, деп жазды журналист.

Пікірлер